#qyzylordatv

Бокстан Астанадағы Әлем кубогының кезекті жарыс күні басталды. Бүгін шаршы алаңға жерлесіміз Гүлсая Ержан шығады. Ол 80 келі салмақта үнді боксшысымен келесі кезеңге жолдаманы сарапқа салады.

 Бұған дейін рингке 9 отандасымыз шықты. Сегізі жеңді, біреуі жеңілді. 70 келідегі Абылайхан Жүсіпов жекпе-жек барысында қабағы жарылып, турнирді аяқтауға мәжбүр болды. Ал, әйелдер арасында 48 келідегі Назым Қызайбай мен 54 келідегі Әнел Сақыш турнирді сәтті бастап, алғашқы кездесулерінде жеңіске жетті. Артынша, жеңіс жолын 60 келідегі Виктория Графеева мен 70 келідегі Наталья Богданова жалғады. Ал, ерлер арасында 55 келі салмақта Махмұд Сабырхан мен 60 келіге дейін Серік Теміржанов ширек финалға шықты. 2024 жылғы Париж Олимпиадасың күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай да қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, келесі кезеңге өтті. 75 келіде Надежда Рябец ширек финалда жеңіске жетіп, өзіне кем дегенде Әлем кубогының қола медалін қамтамасыз етті.

Айта кетейік, еліміз алғаш рет World Boxing ұйымының дүниежүзілік додасын қабылдап жатыр. Оған 30 елден 300-ге жуық спортшы жиналды. Астанадағы әлемдік аламан 6 шілдеге дейін жалғасады.