#qyzylordatv
Өнер – ұлттың жаны. Өңірде ауданаралық шығармашылық фестиваль жалғасып жатыр. Бұл жолы қызылордалықтар Сырдария ауданының сазды сәлемін қабыл алды. Өнерпаздар көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ұлттық өнердің озық үлгісін ұсынды.
Кештің шымылдығы қолданбалы өнер көрмесімен түрілді. Көз тартар бұйымдар, мақпалдай жұмсақ ойыншықтар мен ұлттық тағамдар сырдариялық шеберлердің қолтаңбасын айқын аңғартты. Ал көрменің бір шетінде ақ кимешек киген әжелер тобы жайғасып, бірі – қол диірменге тары тартып, талқан жасаса, енді бірі әуелетіп ән шырқады. Осы бір жарасымды көрініс – қазақы тіршіліктің шынайы тынысын сездіріп, көптің көңілінен ерекше орын алды.
МАЙРА БАЛМАҒАМБЕТОВА – АУДАНДЫҚ КІТАПХАНА ҚЫЗМЕТКЕРІ Балалардың сүйіп көретін, ойнайтын аю, тасбақа, қоян секілді ойыншықтарын өз қолымызбен жасаймыз. Қызылордалықтар жылы қабылдап, қызығушылық танытып жатыр. Жасаған бұйымдарымызды да сатып жатырмыз.
Сахна төріндегі көріністер сырлы Сыр елінің өткені мен бүгінін баян етті.Музыкалық қойылым – көрерменді бір сәтке тарих тереңіне жетелеп, ұлттық болмыстың бояуын сезіндірді.
ЖАНТЕМІР АЙСИН – СЫРДАРИЯ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ
Бұл жолы үлкен құраммен келдік. Оркестр, ерлер ансамблі, әжелер тобы, бишілер мен әншілер – бәрі жан-жақты дайындалды. Мақсат – сырбойылық өнердің шынайы тынысын таныту.
Ұлттық әуендер мен ширақ билер, көп дауысты хор мен жеке орындаулар – әр нөмір халықтың жүрегінен орын алды.
РУСЛАН САДЫҚОВ –ҚР МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ, ӘНШІ Сырдариялық өнерпаздардың шығармашылығы өте бай. Концерт мазмұнды, көрермен көп. Осындай шаралар ел рухын көтереді. Баршаңызды өнер мерекесімен құттықтаймын!
– Керемет әсер алдық! Концертке бүкіл отбасымызбен келдік.
– Осындай кештер жиі болса екен деп тілейміз.
– Бағдарлама мазмұнды, көңілден шықты. Тағы да келуге әзірміз!
Сырдарияның сазды сәлемі қызылордалық көрерменге мереке сыйлады. Өнер – бір күннің емес, өмірдің азығы. Сахнада салтанат құрған ән мен күй, жүрекпен жеткен сезім –қала тұрғындары үшін шынайы мерекеге айналды.