#qyzylordatv

Кадрлы ауыс-түйіс. Бұған дейін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болған Руслан Қайрақбаев жаңа қызметке ауысты. Бүгін облыс әкімі азаматтық қорғау қызметінде абыройлы еңбек еткен азаматқа алғыс білдіріп, жаңа қызметке шығарып салды. Сондай-ақ, облыстық экономика және қаржы басқармасына жаңа басшы тағайындалды.

Руслан Қайрақбаев 2021 жылдан бастап бүгінге дейін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы қызметін атқарып келді. Еңбек жолын мемлекеттік өртке қарсы қызмет басқармасында аға-инженер қызметінен бастаған ол Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы лауазымына тағайындалып отыр. Ол өңірде басшылық жасаған тұста департаменттің материалдық-техникалық базасы нығая түсті. Облыс әкімі Руслан Сламбекұлына аймақ жұртының атынан алғыс білдіріп, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапаттады.

Осы уақыт аралығында азаматтардың қауіпсіздігі мен амандығын қамтамасыз ету жолында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бірлесе отырып, маңызды бастамаларды іске асырып, күрделі жағдайларда да әрекет ете алдық. қызылорда өңірінде жинақталған тәжірибе мен шынайы адами қарым қатынастар мен үшін әрқашан құнды болып қала береді.

Облыс әкімі аппаратының бірыңғай конкурстық комиссиясының шешімі негізінде облыс әкімінің өкімімен облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы лауазымына Мырзабек Сәкен Салхадинұлы тағайындалды.

 СӘКЕН МЫРЗАБЕК - ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҚАРЖЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Сәкен Салхадинұлы 1980 жылы туған. Еңбек жолын 2001 жылы Қызылорда облысы бойынша Салық комитетінің заңды тұлғаларға аудит бөлімінің бас маманы ретінде бастаған. Әр жылдары Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы, басқарма басшысы, Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары лауазымдарында болды. Ал, 2023 жылдың қазан айынан бастап осы күнге дейін облыстық тексеру комиссиясының мүшесі қызметін атқарып келді.