Кеңесте Жаңақорған ауданының да даму жоспары қаралды. Бұл ауданда өнеркәсіп саласы өрісті. Шағын кәсіпке бет бұрғандар да көп. Бірақ салық түсімі көршілес аудандармен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Оған қарамастан қаржыландыруға 62 жоба ұсынылып отыр. Тақырыпты тілшіміз тарқатады.

Аудандардың даму жоспарын қарау кеңесі: бұл әкімдер мен бөлім басшылары үшін сынақты сәт. Емтихан тапсыру кезегі Жаңақорған ауданының әкіміне келді. Жиын әне-міне басталмақ. Мұрат Тілеуімбетов төңірегіндегілермен тілдесіп, нені айтып, нендей мәселеден айналып өту керек екенін бір пысықтап алды.

"Осы бюджетті көрсетпей-ақ қойсақ қайтеді, Жаңақорғанда ақша көбейіп кетіпті деп бермей қоюы мүмкін"

Сонымен, көптің күткен кеңесі көп күттірмей басталды. Әуелі аудан әкімі өткен жылы жүзеге асқан жобалар мен биылғы межені тілге тиек етті. Әрине барлығы қаражатқа келіп тірелетіні белгілі. Сондықтан қаржы тайқазанынан айналып өту мүмкін болмады. Биыл оңтүстік ауданның бюджеті толымды. Жыл басы 16 млрд теңгеден астам қаржымен басталды. Бұл әлі де көбейе түсері белгілі. Тілеуімбетовтің талдауына сүйенсек, бәрі керемет, бірақ қызу тірлік атқарылған ауданда салық түсімі айтарлықтай төмен.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ //550 млн теңгеге қасыңда тұрған Шиеліден аз. Неге? Шиелімен салыстырғанда қазір сіздерде уран өндірісі де көп, ол жақта азайып кетті қазір. Шалқия бар. Сіздерде өндіріс орны көп қой неге аз?

БЕКБОЛАТ ШӘРІПБЕКОВ – АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ //Өнімділік жылдан-жылға кеміп келе жатыр, сол себепті өсім болмай тұр.../

Осылайша аймақ басшысы салық түсімі айрықша назарда болатынын жеткізді. Жалпы, кеңесте аудан әкімдігі тарапынан қаржыландыруға 15 млрд теңгені құрайтын 62 жоба ұсынылды. Шыны керек, барлығын бір жылда жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан бірінші кезекте тұрғындарды толғандырған түйіткілді мәселелерге қаржы қаралмақ.

МҰРАТ ТІЛЕУІМБЕТОВ – АУДАН ӘКІМІ

//Бірінші кезеңте 5-6 млрдтың жобасы шешілуі керек. Көпір құрылысы бітуі керек, газдандыру бойынша жоба сметалық құжаттарын тапсырып қойып отырмыз. Тұрғын мәселесі бойынша былтыр 50 үй салынды, биыл тағы 419 млн теңге қаржы керек. Мәдениет саласы бойынша қазір клубтардың сметалық құжаттары бар.../

Жаңақорған ауданында электр желілерінің 80 пайызы көнерген. 35 елді мекеннің тек жетеуінде ғана бұл мәселе оңтайлы шешіліпті. Қалған ауылдар қалтарыста қалып отыр. Ауданда газдандыру ісі де баяу. Кенттен бөлек, алты ауыл ғана көгілдір отынға қосылған. Осыған орай аймақ басшысы энергетика саласының жетекшісіне тез арада кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды. Кеңесте өңірдегі апатты мектептердің мәселесі де сөз болды. Мәселен, Қожакент ауылындағы білім ұясының тозығы жеткен, дейді мамандар.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ

//2025 жылы апатты жағдайдағы мектептер болмайды деп айтқаннан кейін осы мәселені біз қалай да шешуіміз керек. Жарайтын мектеп болса тізімнен алып, жөндеу жасап берейік. Ал шын мәнінде апатты жағдайда тұса онда шешім қабылдап, жасаймыз!/

Биыл оңтүстік ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдараламасы аясында 2 жоба жүзеге асырылмақ. Яғни, Келінтөбе ауылдық округінен спорт кешені бой көтерсе, Екпінді ауылдық округін 100 орындық клуб құрылысы басталады. Сондай-ақ, Әбдіғаппар және Бесарық ауылдарында дәрігерлік амбулатория ел игілігіне табысталмақ. Кеңес отырысында осындай сүбелі бастамалар сөз болып, ауданның даму жоспары сараланды.