Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, азаматтарға консультациялық көмек көрсету үшін барлық облыста «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңселері құрылды. Биыл осы бағытта елімізде 800 мыңға жуық адамды оқыту жоспарлануда. Дүйсенбіден бастап біздің аймақта да оқу курстары басталып кетті.

Жалпы қаржылық сауаттылық курстарында 90 күннен артық мерзімі өткен қарызы бар адамдарға басымдық беріледі.

Біздің облыста биыл 8 мың азаматты оқыту жоспарланып отыр. Атап өтетін мәселе, «Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушылары қаржы кеңесшілерінің дәрістерінен бөлек, enbek.kz порталына тіркелу мен жеке кәсіп ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін жасауға дейінгі көптеген сұрақтар бойынша кеңес ала алады. Сондай-ақ, оқу процесіне қатысушыларға заңгерлердің де көмегі беріледі. Олар әр қарыз алушының несиелік тарихын жеке зерттейді және қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді. Курсқа жазылу үшін тұрғылықты жері бойынша «AMANAT» партиясының қалалық немесе аудандық филиалына хабарласуға болады. Оқу күндізгі форматта, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Дәрістің ұзақтығы – 5 жұмыс күні.