Сыр өңірінде талантымен талайды таңқалдырған жас өнерпаздар жетерлік. Солардың бірі – жеті жасар Нөсер Айдосұлы. Ол жүздеген жолдан тұратын, сағаттап орындалатын жыр-терме мен дастандарды жырлап жүр. Шайырлардан бата алып, төл өнерді төрге оздырып жүрген кішкентай домбырашы туралы келесі бейнематериалда.

Нөсер Айдосұлы 134 жолдан тұратын «Жарлы Тәліп» дастанын бір айда жаттап алыпты. Екі жасында қолына домбыра ұстаған талантты бала үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүр. Оның алғашқы ұстазы - атасы. Ғасыр жасаған қария Сәндібек Рахметұлы да ән, жырға жастайынан құмар болыпты.

НӨСЕР АЙДОСҰЛЫ - ЖАС ЖЫРШЫ \ Өзіме жыр жаттаған ұнайды. Көп жырларды жаттап биікке шыққым келеді. «Қазақтың бәрі туысқан», «16 қыз», «Тобылғы сай» тағы басқа әндерді де білемін. Әкемнің жырларын, термелерін айтып жүремін\

Жыршы баланың сахнадағы тұсауы Қызылорда телеарнасының төл жобасы «Ботақан» телефестивалінде кесілген еді. «Туған жер» әнін нақышына келтіре орындаған өнерлі өрен көрермен көзайымына айналды.Жеті жасында жыр желкенін керген жеткіншек белгілі жырау Алмас Алматовтан бата алған. Сүлейлер салған сара жолды жалғап жүрген жыршы баланы ұстаздары да мақтан етеді.

ГАУҺАР ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА - ОҚУШЫЛАР ҮЙІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ \Соңғы екі жылдың ішінде «Астана мерей» байқауына, «Алтын дауыс», «Дариға домбыра» атты облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келе жатыр. Жас болса да өзінің осы дәстүрлі өнерге деген қызығушылығының,құлшынысының арқасында кейбір үлкендердің, кейбіржастардың жетпеген жетістіктеріне қол жеткізіп келе жатыр\

Нөсер өнерде ғана емес, білім бәйгесінде де қатарластарынан оқ бойы озық шығып жүр. Ол бос уақытында кітап оқып, атқа мінгенді жақсы көреді. Баласының бойындағы ерекше қабілетті байқаған әкесі оған үнемі қолдау білдіріп, қасынан табылады.