#qyzylordatv
Тіл ғылымын тереңнен талдаған ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Шанжархан Бекмағамбетов 75 жасқа толды. Осыған орай Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің бастамасымен танымдық кеш ұйымдастырылып, ұлағатты ұстаздың еңбегі дәріптелді.
Шанжархан Бекмағамбетұлы табиғи дарыны мен ақындық арынын ғылым жолында құрбан еткен қайраткер. Қаратереңнің қағылез ұлы бала күнінен өзгеше өлең жазуға құмар болды. Оның телегей талантын теңіз туралы туындыларынан анық аңдауға болады. Сондықтан мерейтойлық кеште парасатты педогогтың айдынды Арал тақырыбындағы жырларын шәкірттері жатқа айтып, жұртшылыққа рухани әсер сыйлады.
Бақсақ, Бекмағамбетұлы шығармашылықтың шыңын көксей қойған жоқ. Тіл білімін тереңнен талдауды мұрат тұтты. Содан болар ешкімнің тісі батпаған тіл генетикасын зерттеуге білек сыбана кіріскен еді. Осы жолда кешенді зерттеу жүргізіп, ширек ғасырдан бері ізденістің ізімен келеді. Ғалым еңбегі еш кеткен жоқ. Тіл теориясы мен тіл философиясын зерттеген монографиялық жұмысын ғылыми орта жоғары бағалап, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орденмен марапатталды.
Бір сөзбен, Шанжархан Бекмағамбетов ғылым мен шығармашылықты қатар алып жүрген ұлағат иесі. Оның жүрегінен туған жыр жинақтары 2010 жылы «Жүректегі жазулар» деген атпен жарық көрген болатын. Енді мерейтойлық мезетте және бір жыр жинағы оқырманға жол тартпақ.
Қарымды қалам иесі әдебиетке жаны жақын жастардың талабын ұштаудан талған емес. Мерейтойлық кеште ұстаз ұлағатын бойға тоқыған жастар өнер көрсетіп, ақын сөзіне жазылған әндер орындалды.