#qyzylordatv

Соңғы 4 жылда өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 233 пайызға артқан. Бұл аймақтар арасында жетекші көрсеткіш. Осы орайда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің әлеуметтік- экономикалық дамуы жөнінде мемлекет басшысына есеп беріп, алда атқарылар ауқымды жобаларды баяндады.

Өңірге жұмыс сапарымен келген мемлекет басшысы алдымен көрсеткіштерге көз жүгіртті. Аймақ экономикасында айтарлықтай түлеу бар. Мәселен осыдан 3 жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд теңгенің шамасында болса, қазір 850 млрд теңгеден асып жығылады. Бүгінде Қызылорда еліміздегі ең таза шаһардың бірі. Осы ретте мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында аймақта атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалады.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ /Аудандар мен елді мекендерде де абаттандыру, көгалдандыру, парктерді қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүруде. Алдағы уақытта да осы жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Бұл менің жеке бақылауымда болады/

Мұнан соң мемлекет басшысы облыстағы инвестициялық жобалармен танысты. Олардың бірқатары биыл іске қосылған. Шыны керек, қазір шикізатқа иек артып отыратын уақыт емес. Дайын өнім өндірісі өзімізде болуы шарт. Осы орайда президент әрбір аймақта жаңа кәсіпорындар ашуға пәрмен берген еді. Ол үшін нақты жоспар да бекіген. Яғни, алдағы 4 жылда елімізге 150 млрд доллардан астам инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл бастама ә, дегеннен Сыр өңірінде қарқынды жүзеге аса бастады.

АРДАҚ ЗЕБЕШЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ /Келешекке біз 2028 жылдың соңына дейін 2 трлн теңге тартатын 90 жобаны сүйемелдеп келе жатырмыз. Ол жобаларды іске асыру барысында 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Ал биылғы жылды айтар болсақ, 27 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл арқылы 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. Ол 300 млрд теңгеден астам инвестициялық қаржыны құрайды/

Қазір аймақта шыны кластерін дамыту ісі қарқынды. Сондай-ақ, бу-газ қондырғысы, тау-кен байыту фабрикасы, кальцийлендірілген сода өндіру зауыты, тауарлы сүт фермасы секілді ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы аталған кешендер дер кезінде сапалы іске қосылып, ел қажетіне жарауы керектігін баса айтты.

Мұнан соң президент Өнер орталығында өңірдің зиялы қауым өкілдері және шаруашылық жетекшілерімен жүздесіп, жұртшылықпен еркін пікір алмасты.

Аймақта биыл су тапшылығына қарамастан егін бітік шығып, қамбаға 470 мың тоннаға жуық астық құйылды. Заманауи нысандар сәт сайын бой көтеруде. Бір сөзбен, әр салада қозғау бар. Осындай орайлы бастамаларға куә болған мемлекет басшысы облыс әкімінің тындырымды тірлігін тілге тиек етті.

Сапар аясында мемлекет басшысы Өнер орталығының көрермен залын аралап, облыстық симфониялық оркестрдің дайындық барысын тамашалады. Айта кетейік, мың орынға арналған көп функционалды орталық былтыр ашылған. Ғимарат құрылысына 3 млрд, 700 млн теңге қаражат жұмсалды.

Жалпы, соңғы 3 жылда облыста 18 мәдениет нысаны ашылып, ел игілігіне берілген. Бұл ретте президент шалғай елді мекендердегі мәдениет ошақтарының жай-күйі баса назарда болуы беру керектігін атап өтті.