#qyzylordatv
Ел Президенті Сыр еліне жұмыс сапары барасында жаңа жылу электр орталығына барды. Жаңа жылу электр стансасы Мемлекет басшысының оңтүстік өңірлерде халық пен экономика сұранысын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында салынды. Орталық 240 мегаватт электр қуатын және 277 гигакалория жылу энергиясын өндіреді.
Жобаның жалпы құны – 215 миллиард теңге. Жылу электр стансасы түркиялық Aksa Energy компаниясының инвестициясы есебінен бой көтерді.
Қазіргі кезде негізгі агрегаттар, атап айтқанда, әрқайсысының қуаты 176 мегаватт болатын екі газ турбинасы, қуаты 95 мегаватт бу турбинасы, өнімділігі сағатына 120 тоннаға жететін екі бу қазандығы, қуаттылығы сағатына 150 гигакалорияны құрайтын төрт су қыздыру қазандығы орнатылып, толық монтаждалған.
БАХЫТ ЖАХАНОВ – ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
//Қазір жаңадан іске қосылайын деп тұрған жылу электр орталығы бұл 240 Мвт электр энергия және 277 Гкл жылу беретін болады. Бұл тек қаланың жылу мәселесін ғана емес, сонымен бірге ыстық су мәселесін толық шешеді. Себебі бұл жерде бізде жылу қазандықтары да бар және бу генераторы да бар. Жыл бойы жұмыс істегеннен кейін, әрине, жылуды шығара бастайды. Сол себепті бұл деген мәселені толыққанды шешетін болады. Қазір іске қосылуға дайын тұр. Тест режимінде жұмыс жасап тұр. Жыл аяғына дейін барлығы 176 Мвт электр энергиясын беретін болады. Келесі жылдың басында бу қазандықтары, бу генераторы жұмыс жасайды. Сонымен тағы 95 Мвт электр энергиясын беретін боламыз.
Қазір облыстың қажеттілігі электр энергияға 200 МВт құрап отыр. Біздің қолданыстағы жылу электр орталығы 67 МВт электр энергиясн шығарса, жаңадан қосылатын электр орталығы 240 электр энергиясын шығарады. Яғни, облысты толыққанды өзіміздің қажеттілігімізді қамтамасыз етеді. Артығын басқа облыстардың да қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.//
АЛГАН САРАЧОГЛУ, «AKSA ENERGY» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖОБА ДИРЕКТОРЫ
//Бұл станцияның бірегейлігі ол аралас циклде жұмыс істейді. Жылу энергиясын өндіру жалпы қуаты сағатына 150 гигакалория болатын су жылыту қазандықтарының көмегімен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, бу турбинасы жылу қуатын сағатына 127 гигакалориямен қамтамасыз етеді. Біздің жылу электр станциясындағы отынның негізгі түрі – табиғи газ. Алайда, газ беру тоқтаған жағдайда бізде он тәулікке жететін дизель отынының қоры бар. Яғни, станция дизель отынымен он күн жұмыс істей алады. Бұл жобаның инвестициялық сомасы 215 миллиард теңгені құрайды. Жобаны іске асыруға қазақстандық компаниялар қатысты. Құрылыс алаңында 1200-ден астам адам жұмыс істеді, олардың негізгі бөлігі жергілікті қызметкерлер болды.//