#qyzylordatv
Отбасы – махаббат пен тыныштықтың, мейірім мен жарасымның мекені, ұрпақтың өсіп-өнетін алтын ұясы. Сыйластық пен жарастық орнауы керек орта. Алайда отбасылық бақыт кейбір жанұяларға бұйыра бермейді. Сондай сындарлы сәттерде көмекке тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы келеді. Аталған орталық күні кеше әлеуметтік қорғау саласындағы үздік жоба номинациясын иеленді.
Әйел заты әсілінде, ер азаматтың жұбанышы әрі қамқоршысы. Алайда бақытын басқа тепкен ерлер де кездейсоқ кезігіп жатады. Алкогольге әуестік, құмар ойындарға тәуелділік, үй ішіндегілерді қуалап ұру, мазасын алу ақырында отбасын тәрк еткізеді. Опық жегізеді. Сезім суып, әлгі үйден әйел, бала-шағасы ізін суытады. Амалы жоқтар осындай орталықтарды паналайды.
Орталық өз қызметін негізінен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік тапсырысы негізінде жүзеге асырып келеді. 8 жыл ішінде бұл орталық жүздеген отбасыға қамқор болып, талай тағдыр тауында сүріне жаздаған жанұяларға демеу болды.
Өмірде қиындыққа ұшырағандардың құжаттарын рәсімдеп, жұмысқа орналастырып, қажет жағдайда медициналық көмек те көрсетіп, балаларын тегін балабақшаға орналастырып, орайы келсе, дәм-тұзы қайта жарасса отбасымен қайта табыстыратын да осы орталық. Түсірілім барысында біз бірнеше кейіпкерлердың тағдырын таспалаған болатынбыз, жұмбақ жандардың жай-жапсарын сенбі күні «Үштаған» АСБ-да айтатын боламыз.