Елімізде балық өсіру бағытындағы инвестициялық жобаларға 2,6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов айтты.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент ауыл шаруашылығын қаржыландыруды 2 есеге арттыруды, оның ішінде инвестициялық жобаларға жеңілдетілген кредиттер көлемін 800 млрд теңгеге дейін жеткізуді тапсырды. Осыған орай қазіргі уақытта балық шаруашылығын дамытудың жүйелі мәселелерін шешу үшін белсенді жұмыс басталған. Атап айтқанда, «бірінші акваөсіру саласында субсидиялар беруді бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйеге көшіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, бұл субсидия алушылар үшін оны тегін пайдалануға және бизнестің артық шығындарын болдырмауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ бүгінгі таңда инвестициялық жобалардың бастамашылары көбінесе жеңіл несиеге қол жеткізе алмайды. Сондықтан, олар жобаларын тоқтатып, уақыт жоғалтуға мәжбүр. Бұл үшін сенім білдірген агент арқылы 2,6 пайыздық төмендетілген мөлшерлемемен инвестициялық жобаларға бюджеттік несие беруге қаражат бөлінетін болады. Бүгінде министрліктің ережелеріне өзгерістер енгізіліп жатыр.