Суретшілік сиқырлы әрі сырлы өнер. Соның ішінде күрішпен сурет салу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл қызылордалық суретшілерге ғана тән қасиет. Себебі, күріш те, күріштен салынған картина да Сыр елінің басты бренді. Жергілікті шеберлердің қолынан шыққан туындылар тіпті Біріккен Араб Әмірлігі, Қытай, Ресей елінен де үлкен сұранысқа ие.

Дулат Айтбаев қылқаламды жастайынан серік еткен. Алғашқы кезде майлы бояумен сурет салса, бертін келе күріштің бетіне сурет салуды үйренген. Әрине, бұл оңай жұмыс емес. Асқан шеберлік пен шыдамдылықты қажет етеді. Әуелі ДВП немесе ДСП материалына желім жағып, бетіне күрішті сеуіп, біртіндеп отырып жабыстырады. Содан кейін оқтаумен қамыр илегендей етіп күрішті тегістеп шығады. Әбден кепкеннен кейін барып, сурет сала бастайды.

ДУЛАТ АЙТБАЕВ – СУРЕТШІ //Бұның қиыншылығы көздің майын жейді. Беті бүдір бүдір қағаз сияқты емес. Кішкентай артық сызық бәрін бүлдіреді. Уақыт көп кетеді. Бұрын бір апта салатынбыз. Қазір портреттерді үш күнде саламыз. Майлы бояуға одан ұзақ кетеді. Кемінде бір ай.//