Биылғы жылдан бастап Мемлекет басшысының ұсынуы бойынша еліміздің барлық өңірінде Наурыз мерекесі жаңа форматта өткізілмек. Оның мән-мағынасы мен мазмұнын байытып, жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігін жариялау ұсынылды. Және наурыздың бірегей логотипі бекітілді. Әз Наурыздың жаңа символы – үш қызғалдақ. Наурыздың бірыңғай логотипіндегі үш қызғалдақ Қазақстанның өткенін, бүгінін және болашағын бейнелейді.

Әрі үш саны көшпенді халықтың дүниетанымына, оның әлемдік құрылысқа деген ерекше көзқарасына байланысты. Логотипте қолданылатын түстер мен реңктер Ұлы даланың байлығын, оның алуан түрлілігі мен ырыс-берекесін, халқымыздың күші мен қуатын, ұлттың болашақ өзгерістерге деген оптимистік көзқарасын білдіреді. Мәселен, жасыл түс – өмірді, өсуді және жаңаруды білдіреді, ал қызғылт сары түс – таң шапағының сұлулығы мен таңда туар шабытты білдіреді.

   Жалпы, адамзат тарихында көктемді табиғат жаңаруының бастауы ретінде қарсы алу дәстүрі бұрыннан бар. Ал, мерекелік онкүндік ертең, яғни наурыздың 14-і күні Амал мерекесінен басталады. Бұл күні жасы үлкендерге арнайы сәлем беріп, құрмет көрсету, қонақ күту, мейраммен құттықтап, ізгі тілек жаудыру салты қалыптасқан. Айтулы күн барлық реніштерді ұмытып, айналамыздағы адамдарға шынайы мейірімділік көрсетуге шақырады. Бұл орайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Амал» біздің ұлттық бауырмалдығымыз бен мейірімділігіміздің көрінісі екенін айтып жүр.

    «Амал мерекесі» дәстүрінде тұрғындардың бір-бірін жаңа жылмен құттықтауы – ауызбірлік пен достықтың белгісі.

«Амалдың» әрбір сәті шаттық пен қуанышқа, мейірім мен жанашырлыққа толы болары сөзсіз. Бұл дәстүр ел жаңаруының жаршысы ретінде, табалдырықтан аттағалы тұрған Ұлу жылын зор үмітпен және нық сеніммен бастауға жақсы себеп болады