#qyzylordatv

Облыс орталығында 600 отбасы қоныс тойын тойлады. Заман талабына сай салынған тұрғын үй кешені қаланың сол жағалауынан бой көтерген. Жаңа баспана көпбалалы отбасылар мен тұрғын үй кезегінде тұрған жас отбасыларға берілді.

 Баспаналы болғандардың бірі – Гүлсара Тұяқова. Көпбалалы ана келбеті келіскен шаһардың сол жағалауынан үйлі болғанына дән риза.

 ГҮЛСАРА ТҰЯҚОВА – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Көпбалалыларға қолдау көрсетіп, үйлі-баспаналы болып жатқан мүмкіндігіміз өте көп. Балалардың несібесіне қарай үйлі болып жатырмын. Керемет үйіміздің іші биік, әдемі, жарық. Бөлмелерінің бәрі әдемі, кең.

Қаланың сол жағалауы жыл өткен сайын қарқынды дамып келеді. Әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлер көптеп бой көтеруде. Ықшам аудан тағы 10 тұрғын үймен толықты. Тұрғындарға табысталған 600 пәтердің жалпы аумағы 33 мың шаршы метрден асады. Салтанатты іс-шарада облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жаңа қоныс иелерін құттықтап, тұрғын үй саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

 МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ

Мемлекет басшысы «Қолжетімді баспана – ол арман емес, ол халқымызға жасалатын міндет» деген. Өздеріңіз білесіздер соңғы 4 жылдың ішінде сол жағалау қарқынды дамып келеді. 169 нысандар бой көтерді. Оның ішінде 136-ы тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Биылдың өзінде біздің жоспарымыз бойынша 2400 баспанаға халқымыз ие болады. 4 жылдың ішінде 8 мыңға жуық біздің халқымыз пәтерге ие болған екен. Ол үлкен жетістік деп мен білемін. Сол жағалауды әрі қарай дамыту жоспарымызда бар. Осы мөлтек ауданға келе жатқанда Астананың мөлтек ауданында жүрген сияқтымыз. Сондықтан мердігерлерге үлкен алғысымды айтқым келеді осындай сапалы үйді салғаны үшін. Жаңа шаңырақтарыңыз құтты болсын, балаларыңыздан күлкі кетпесін.

 Тұрғын үй кешенінің аумағында екі футбол алаңы, төрт спорт және ойын алаңы бар. Сондай-ақ, 250 орынды автотұрақ пен тынығу аймағы да қарастырылған.

 ДАЙРАБАЙ ЫСҚАҚОВ – ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ

Пәтер аламыз деп келген отбасылардың, оның ішінде жастардың қуанышында шек жоқ. Өздеріңіз ойлаңыздар, бір мезгілде 600 пәтер беріліп, ел игілігіне табысталды. Сөз жоқ заманауи талапқа сай керемет тұрғын үй бұл Үкіметтің әсіресе Мемлекет басшысының қолдауы.

Аймақта баспана кезегін азайту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Мәселен, биылдың өзінде өңірде 2400 пәтердің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 55 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.