Ұлттық киім – кез келген халық мәдениетінің ажырамас бөлшегі. Ол жай ғана киім емес, бүтін ұлттың бет-бедерін айқындар ұлан-ғайыр тарих. Осы орайда «Қызылорда» телеарнасы қазақы нақыштағы киімдерді күнделікті өмірде киюді әдетке айналдырып келеді.

Қазақша киіну – тренд. Былтыр басталған «Ұлттық сезім» жалпыұлттық жобасын «Қызылорда» телеарнасы да қолдай кетті. Бүгінде аймақ арнасының қызметкерлері жұмысқа ұлттық үлгідегі киімдерді киіп, дәстүрлі аксессуарларды жиі тағуды әдетке айналдыруда.

Ұлттық киім күні – киім үлгісі арқылы әр адамға өз даралығын білдіруге, сонымен қатар Қазақстанның бірлігі мен мәдени әралуандығын танытуға мүмкіндік береді. Өткен аптада Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатқанын, оның өте орынды бастама екенін, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн екені айтқан болатын.

АЗАМАТ ӘУЕЗХАН – ТІЛШІ

Байқайсыз ба? Ең әдемі киім – ұлттық киім. Кімге болса да жараса кетеді. Сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ұлттық киімдер ешқашан өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Керісінше, бұрынғы дәстүрлер мен заманауи үрдістерді сәтті үйлестіре отырып, жаңа интерпретацияға ие болды. Бір күндік шара үшін жалға алып емес, күнделікті кию үшін дүкеннен ұлттық киімді арнайы сатып алып жатқандар бар. Соған қарағанда жаппай қазақша киініп жүретін күн де алыс емес.