Биыл облыс орталығында 17 мың 600 жасқа спорт кешендерінде жаттығу жүргізуге бір реттік жолдамалар беріледі. Сондай-ақ, атаулы күндерге орай түрлі санаттар бойынша әлеуметтік көмек көрсету шаралары қолға алынбақ. Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезекті он жетінші сессиясында айтылып, бюджет жобасы бекіді.

«Бұқаралық спортты дамыту басты бағдардың бірі». Бұл ұранға айналған ұғымның айтылғанына біршама уақыт болды. Бірақ істен гөрі сөзіміз озған кез көп. Кәсіби спорт нысандарын былай қойғанда қарапайым ойын алаңдарының сапасы сын көтермейді. Ал, заманауи үлгідегі жеке кешендерге қарапайым жанұяның барлық баласы барып жаттыға алмасы белгілі. Осы ретте биыл 17 мың 600 жасқа бір реттік жолдамалар берілмек. Жалпы саланы өрістетуге 215 млн теңгеден астам қаржы қаралып отыр.

СЕРІК ҚОЖАНИЯЗОВ – ҚАЛА ӘКІМІ /Президенттің тапсырмасы бойынша ұлттық дәстүр, мәдениет, спортты дамыту жөнінде тапсырмалар бар. Соны ескере отырып, оның үстіне биыл өңірде руханият жылы болып белгіленді. Соған байланысты біз мәдениет және спорт бөлімін екіге бөлу туралы шешімге келдік. Дербес спорт және туризм бөлімі болады.../

Ауруын жасырғанның жайы белгілі. Бүгінде қала әкімдігіне қарасты кәсіби жабдықталған бірде-бір спорт нысаны жоқ. Тиісінше жеке ғимараттарды мемлекеттің қыруар қаржысына жалға алып отыруға тура келеді. Ал нарық талабына орай баға жыл сайын өсіп отыр. Мәселен, «Тарлан» спорт кешенін жалдау құны бір жылда 60 пайызға шарықтап шыға келген. Оған бюджеттің мүмкіндігі бола бермейді. Сессияда депутаттар осы мәселемен қатар, ақысыз спорт нысандарының жай-күйін қозғады.

МЕЙРАМБЕК ЕСЖАНОВ – ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ /Ақысыз деп ауылдық жердегі мектептердің залдарын айтасыз. Сонда бұл қалай болғаны, мектептің залдарына балдарымыз сыймай жатқанда өзі бір уақытта дене шынықтыру сабағы. Біреулер сырттай ойнайды. Онымен кім айналысады. Сосын «Тарлан» спорт кешені жайлы айтып өттіңіз. Ол жақта екі адам ғана қалған.../

ЖАҒЫПАР ТАЖМАХАНОВ – ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ /Басқа мүмкіндік жоқ болғаннан кейін мектептердің залдарын пайдалануға тура келеді. Ал «Тарланға» қатысты кеше олар жақында наурыздың басында ғана ескертті.../

Жиында мұнан соң атаулы күндерге орай түрлі санаттар бойынша әлеуметтік көмек көрсету тетіктері таразыланды. Бұл бағытта да биыл қомақты қаржы қаралып отыр. Сессия барысында әлеуметтік және қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссия төрағаларының есебі тыңдалды. Сондай-ақ, әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару тетігі таразыланып, бірқатар бастама бекіді.