Бүгін Франция Президентінің арнаулы өкілі Барбара Помпили бастаған делегация өңірге келді. Шетелдік меймандар Арал теңізінің ахуалын көзбен көру үшін Көкарал бөгеті мен орман көшеттерін өсіруге арналған тұқымбаққа барды. Қазір әріптесім Елжас Әбділда бізбен тікелей байланысқа шықпақ. Елжас, франциялық делегацияның сапарынан ақпар беріп өтсең....

ЕЛЖАС ӘБДІЛДА - ТІЛШІ /Рақмет, студия! Біз қазір Қазалы ауданында орналасқан орман көшеттерін өсіруге арналған тұқымбақта тұрмыз. Франция делегациясы осында атқарылған жұмыстардың жай жапсарымен танысты. Ал, түске дейін Аралдағы балықшылар музейіне аялдаған болатын. Онда меймандар толқынды теңіздің тарихын бағдарлап, айдынды өлкенің өткені мен бүгініне көз жүгіртті. Тіпті делегацияны бастап келген Франция Президентінің арнаулы өкілі Барбара Помпили ханым кезіндегі теңізді көріп көзіне жас алды. Мұнан соң меймандар Көкарал бөгетіне барып, экологиялық ахуалды көзбен көрді. Шыны керек, Аралға келіп кететіндер көп, бірақ көрікті ететіндер жоқтың қасы. Дегенмен бұл жолғы делегацияның мақсаты бөлек. Себебі, екі ел президенттері арасында арнайы келісім бекіген. Осы жылы Арал мәселесіне әлемнің назарын аудару үшін ауқымды саммит ұйымдастырылмақ. Айта кетерлігі, Аралды құтқару қоры тарапынан 46 кешенді жоба әзірленіпті. Франция тарапы бұл бастамаға да қаржылық қолдау көрсетуге даяр екенін білдірді. Студия әзірге менде бар ақпар осы!