Негізгі Жаңалықтар Жаңақорғанда "Алтын күз" мерекесі тойланды

Жаңақорғанда "Алтын күз" мерекесі тойланды

Жаңақорған ауданында күзгі жиын-терін науқаны сәтті аяқталды. Биылғы маусымда жергілікті диқандар әр гектардан орташа есеппен 57 центнерден өнім алып, жалпы көлемі 38 мың тоннадан астам астық қамбаға құйылды. Ел ризығын еселеген озат жұмысшылар мен дала еңбеккерлері «Алтын күз» мерекесінде ұлықталды. 


«Алтын күз» мерекесі аясында алдымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Шараға жергілікті шаруалар 40-тан астам өнім түрін әкелді. Жәрмеңкедегі тауарлар бағасы нарықтағыдан 15-20 пайызға төмен болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өнімдер экологиялық тұрғыдан таза. Әсіресе, Жайылма ауылының қарбызына тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары болды. Тұрғындар үшін қолайлы бағада қысқы азық қамдауға мүмкіндік берген сауда-саттық шарасы таңнан басталып, түске дейін жалғасты.


Жалпы, Жаңақорған ауданы бойынша 781 шаруашылық құрылымы бар. Оның ішінде 192 шаруашылық күріш дақылын егуді кәсіп еткен. Биыл сол шаруалар 6 мың 756 гектарға Сыр салысын егіп, әр гектардан орташа есеппен 57 центнерден өнім алды. Сондай-ақ егісті әртараптандыру бағытында да оң нәтиже бар.


Тұрғындардың басым бөлігі қысқы азық-түлік қорын дайындау мақсатында келгендіктен, жәрмеңкенің саудасы қызды. Шара барысында аудан әкімі елмен бірге сауда қатарларын аралап, өнімдердің бағасын бақылады. «Алтын күз» мерекесі кешкісін орталық стадионда салтанатты гала-концертпен жалғасты. Шара аясында аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбек ауыл шаруашылығы саласында жоғары жетістікке жеткен еңбеккерлерге алғыс білдіріп, сала озаттарын арнайы номинациялармен марапаттады.


Жыл қорытындысымен Аққорған ауылдық округі «Үздік ауылдық округ» атанды. Бидай, күріш, жоңышқа, мақсары секілді дақылдардан ең жоғары өнім алғандар мен көкөніс, картоп өсіріп бақша өнімдерінен үздік нәтиже көрсеткен шаруалардың да еңбегі ақталды. Тоқшылық тойында жергілікті өнерпаздармен қатар, қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары да өнер көрсетті. Еңбек тойы әсем әнмен әрленіп, отшашумен қорытындыланды.


Бөлісу