Балалар денсаулығын сактаудағы жаңа технологиялар
#qyzylordatv
Қызылордадаға тұңғыш рет баланың тізе буынына артроскопиялық ота жасалды. Көпбейінді балалар ауруханасында жергілікті мамандарға арналған шеберлік сағаты өтті. Оны Астанадан келген дәрігер - Республикалық артроскопия және спорттық жарақаттану орталығының жетекшісі Ерік Раймағамбетов өткізді.
Артроскопия – буын жарақаттарын емдеудің хирургиялық әдісі. Операция камерамен жабдықталған арнайы аппарат көмегімен жасалады. Дәрігерлер үлкен тіліктердің орнына кішігірім тесу арқылы буынды тексеріп, қажетті ем-дом шараларын орындайды. Тың әдіс ота кезіндегі жарақаттану деңгейін төмендетіп, науқастың тез сауығуына мүмкіндік береді дейді мамандар. Ал балалар ауруханасы үшін бұл – травматологиялық көмекті дамытудағы жаңа кезең. Қажетті құрал-жабдықтар мұнда жыл басында жеткізілген. Тәжірибелі травматолог-ортопедтің жетекшілігімен жергілікті мамандар екі күн ішінде бес ота жасады.
ЕРІК РАЙМАҒАМБЕТОВ – РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АРТРОСКОПИЯ ЖӘНЕ СПОРТТЫҚ ЖАРАҚАТТАНУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Биыл облыстық медициналық орталығында тізе артроскопиясынан шеберлік сабағын өткізген едім. Бұл жолы сұраныстың жоғары болуына байланысты облыстық балалар ауруханасына шақырту алдым. Бұрын науқастарды Алматы мен Астанаға жіберуге мәжбүр болсақ, енді жаңа жабдықтар мен арнайы білімнің арқасында облыс тұрғындары ешқайда шықпай-ақ, осы жерде жоғары мамандандырылған көмек ала алады.Аурухананың материалдық-техникалық базасы өте жақсы, ал мамандардың білімі толық жеткілікті.