Негізгі Жаңалықтар Үкімет басшысының бірінші орынбасары құрылыс нысандарын аралады

Үкімет басшысының бірінші орынбасары құрылыс нысандарын аралады

#qyzylordatv 

Өңірге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік, инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс барысымен танысты. 


 Нұрлыбек Нәлібаев алдымен 200 төсектік перинаталдық орталықтың құрылыс алаңында болды. Мұнда іргетас құю және арматура тоқу жұмыстары жүруде. Жобаға 52,8 млрд теңге бөлінген. Нысанды 2028 жылғы наурызда пайдалануға беру жоспарланған. 


 Ал Сырдария өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін «Alem Qurylys AQ» серіктестігі қолға алған. Құрылысқа 12,9 млрд теңге қаралған. Ұзындығы 319 метр көпірде жаяу жүргіншілерге де, велосипедшілерге де қолайлы жағдай жасалады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары дарияда су аз уақытта жұмысты күшейту қажеттігін тапсырды. Мұнан соң жағалауды абаттандыру жұмыстарын көрді. 

«Қызылорда Арена» спорт кешенінде құрылыстың 90 пайызы аяқталған. Кешен екі жарым мың көрерменге арналған. Қазір ішкі әрлеу, дизайнерлік безендіру, қасбетін қаптау, аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс сапасын қатаң сақтауды тапсырды. 

Сол жағалаудағы онкологиялық бөлімшесі бар 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысының 85 пайызы аяқталған. Медициналық кешен құрылысын аяқтау үшін Инфрақұрылымдық даму қорынан қаржы бөлінген. Ғимараттың жалпы ауданы 48 мың шаршы метрге жуық. Он блоктан тұратын нысанда қабылдау, реанимация, химиотерапия, операциялық және радиология бөлімдерімен қатар, емхана, пансионат, физиотерапия және басқа да бөлімшелер орналасады.


Премьер-министрдің бірінші орынбасары 400 келушіге арналған №5 емхананың құрылысын да көріп шықты. Медициналық нысанды салуға 9,8 млрд теңге бөлінген. Қазір жұмыстың 65 пайызы орындалған. Ішкі әрлеу, терезе орнату және инженерлік желілер тарту жұмыстары жүруде. Жыл соңына дейін емхананы пайдалануға беру жоспарда. Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының айналма жолының құрылысымен танысты. Бұл «Қызылорда - Ақтөбе» бағытындағы күре жолдың бастауы. 


 Айналма жол 26 шақырым және төрт жолақты. Құрылысқа 150 жұмысшы мен 85 арнайы техника жұмылдырылған. Бас мердігер «Қыран» серіктестігі қазіргі уақытта жол негізін төсеу, асфальтбетон қабаттарын салу және темірбетон су өткізу құбырларын орнату жұмыстарын жүргізуде. 


Бөлісу