Ғылымға ғұмырын арнаған
#qyzylordatv
Техника ғылымдарының докторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің құрметті профессоры Серікбай Өмірзақов 70 жасқа толды. Ғалымның мерейтойына орай аталған университет пен Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бірлескен ғылыми кеңесінің салтанатты мәжілісі өтті. Жиында Серікбай Өмірзақовтың азаматтық болмысы мен ауылшаруашылығы саласына сіңірген еңбегі туралы айтылды.
Серікбай Өмірзақов – Сыр өңірінде инженерлік білім мен ғылымды дамытуға, ауылшаруашылығын өркендетуге, экологиялық мәселелерді шешуге үлес қосқан зерттеуші. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ұстаздық еткен ғалым кафедра меңгерушісі, факультет деканы, проректор қызметін атқарды. Жүздеген шәкірт тәрбиелеп, ғылым кандидаттарын даярлады. Жылдар бойы саладағы өзгерістерді көзбен көріп, тиімділігін саралаған Серікбай Ідірісұлы жаңа мамандықтардың ашылуына да үлес қосты.
ИБАДУЛЛА ТАУТЕНОВ – АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ
Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми институтын 10 жылдай басқарды. Көптеген жаңа сорттардың өндіріске енуіне зор үлесін қосты. Қаншама ғылыми еңбектер даярланды. Қаншама шетелдік және отандық ғылыми орталықтармен байланыс орнатылды. Көптеген монаграфиялар жазылды.
Серікбай Өмірзақовтың басшылығымен құрғақшылық пен топырақ тұздылығына бейімделген «Сыр сұлуы» және «Айсара» сияқты отандық күріш сорттары сынақтан өткізіліп, өндіріске енгізілуде. Сондай-ақ, ғалым су тапшылығы жағдайында суды үнемдеуге бағытталған жобаға жетекшілік етті. Сарқынды суды тазартып, жасыл-желек, малазықтық дақылдар өсіруге болатынын іс жүзінде көрсеткен.
БАҚЫТ ЖАХАНОВ – ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Сіз аймақ үшін өмірлік маңызы бар су ресурстарын тиімді басқару, суармалы егіншілікті жетілдіру, мелиоратр және экологиялық қауіпсіздік бағыттарында іргелі зерттеулер жүргізіп, аймағымыз үшін ең өзекті бағыттарды дамытуға үлес қостыңыз. Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш ғылыми институтын басқарған жылдарда мекеменің ғылыми әлеуетін жаңа деңгейге көтердіңіз.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов облыс әкімінің құттықтау хатын табыстап, Серікбай Өмірзақовты «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады. Салтанатты жиында қонақтар ғалымның ғылым мен жоғары білім саласындағы елеулі еңбегін атап өтті. Сондай-ақ мерейтой иесіне қала әкімінің Құрмет грамотасы және қалалық ардагерлер кеңесінің «Қызылорда қаласының құрметті ардагері» медалі табысталды.