Еріктілер көшет отырғызды
#qyzylordatv
Арал теңізінің экожүйесін сақтауға Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның еріктілері күш біріктірді. Қызылордада жүзге жуық волонтер бас қосқан Халықаралық экология апталығы өтіп жатыр. Қатысушылар алдымен Президент саябағына ағаш көшеттерін отырғызып, қаланың көрікті орындарын аралады.
Еріктілердің мақсаты ортақ – табиғатты қорғау және Арал өңірінің экологиялық ахуалын жақсартуға үлес қосу. Халықаралық экология апталығы аясында жастар саябаққа ағаш көшеттерін отырғызды. Бұл – үш ел жастарының тәжірибе алмасып, ортақ экологиялық мәселелерді бірлесе шешуге бағытталған бастамасы.
Бастама «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасымен үндес. Мұндағы міндет – көшет отырғызумен шектелмей, оның жерсінуіне жағдай жасау және жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыру. Еріктілер қоршаған ортаға қамқорлық қарапайым әрекеттерден басталады дейді.
ВЕРА КИМ - «ҰЛТТЫҚ ВОЛОНТЕРЛІК ЖЕЛІ» ТӨРАҒАСЫ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ
Негізінен ағаш отырғызу ғана емес, оларды күтіп-баптау және жақсарту да маңызды, осылайша жұртшылық табиғатты сақтаудағы экологиялық сананың маңыздылығын түсінеді. Әрі қарай волонтерлік апталық Арал теңізінде жалғасады. Форум мүшелері алдағы уақытта Аралды сақтау мәселелері бойынша семинарлар мен тренингтерге қатысады.