Қызылорданың инвестициялық қоржыны бірнеше жаңа жобамен толықпақ
#qyzylordatv
Қызылорданың инвестициялық қоржыны тағы жаңа жобалармен толыға түспек. Жалпы биыл аймақ экономикасына 9 ай ішінде 581 млрд теңге инвестиция тартылды. Жаңа жобалар «Қорқыт ата» арнайы экономикалық аймағында жүзеге аспақ. Бұл туралы өңірлік инвестициялық штабтың отырысында мәлім болды.
Шетелдік іскерлер тарапынан Қызылордаға қызығушылық күшейіп келеді. Облыстың экономикасына үлес қосамыз деп тағы бір топ инвестор жоспарларымен бөлісті. Құятын қаражатын, шығаратын өнімін де айтты. Жалпы 9 айдың ішінде облыс экономикасына инвесторлар тарапынан 581 млрд теңге қаржы құйылды.
Инвестор өз мүддесі қорғалатын, заң қатаң сақталатын, жобаға тиісті жағдай жасалатын, шикізаты кедергісіз табылатын аймаққа ғана келетіні аян. Бүгінде бұл бағытта прокуратура органдары әкімшілік қысымды тежеу бағытында «прокурорлық сүзгі» жүйесін тиімді түрде іске асырып келеді. Бір сөзбен айтқанда, қадағалаушы орган инвестициялық омбудсменге айналды. Соның да нәтижесі болса керек-ті, соңғы жылдары Қызылордаға бет бұрған шетелдік іскерлер қатары артып келеді.
Қытайлық инвесторлар мұнай-газ саласына қажетті өнімдер шығаратынын айтып отыр, 100 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құймақ және бірі полипропилен қапшықтарын өндірмек, оның инвестиция көлемі 3,5 млрд теңге. Тағы бірі полиэтилен зауытын салуды көздеп отыр, бұл мақсатқа 13,5 млрд теңге инвестиция құймақ. Бұдан бөлек, есік, терезе өндірісін, полиэтилен құбырларын шығаруды жоспарлап отырған, тіпті осы жылдың аяғында зауыт салуға әзір екендіктерін мәлімдеген инвесторлар да бар. Бұның бәрі бәрекелді дегізеді, әрине. Шетелдік инвесторлардың Қызылордаға келуі бұл жәй қаржылық қадам емес, бұл аймақтың потенциалына, жалпы жергілікті билікке деген сенім.