Оқытушылар арасында кәсіби шеберлік байқауы өтті
#qyzylordatv
Халықаралық ORDA жоғары колледжінің базасында көлік саласы бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының оқытушылары арасында кәсіби шеберлік байқауы өтті. Іс-шара колледждің 25 жылдығына орайластырылса, тапсырмалар WorldSkills стандарттары негізінде әзірленген.
Автокөлікті жөндеуде әрбір бөлшек маңызды. Қозғалтқышты диагностикалау немесе құрастыру кезіндегі қателік көліктің қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан болашақ маман теорияны біліп қана қоймай, өз білімін тәжірибеде қолдана білуі керек. Ал бұл дағдылардың артында шәкірттердің шеберлігін шыңдап отыратын оқытушының еңбегі тұр. Үздік атағы үшін барлығы жеті қатысушы бақ сынады. Конкурс теориялық білімді тексеруден бастап тәжірибелік сынақтарға дейінгі алты кезеңді қамтыды.
Байқау қорытындысымен бірінші орынды М.Ықсанов атындағы IT-техникалық колледжінің оқытушысы Болат Сүгірбаев иеленді. Екінші орынды Халықаралық ORDA жоғары колледжінен Бексұлтан Қамарбеков пен И.Әбдікәрімов атындағы политехникалық колледжден Қасымхан Сейілханов өзара бөлісті. Үшінші орынды Арал индустриалды-техникалық колледжінен Жәнібек Рекешов пен Жаңақорған агротехникалық колледжінен Жасулан Мұстафаев иеленді. Облыстық кезеңнің жеңімпазы қарашаның 6-сы мен 13-і аралығында Қостанайда өтетін республикалық конкурста аймақ намысын қорғайды.