Негізгі Жаңалықтар Шалқия жедел интернет желісіне қосылды

Шалқия жедел интернет желісіне қосылды

#qyzylordatv 

Енді шалғайдағы ауылдар да сапалы интернеттің игілігін көреді. Жаңақорған ауданында алғашқы болып 50 үй жылдамдығы секундына 10 мегабитті құрайтын жаңа желіге қосылды. Республика күні қарсаңындағы бұл жаңалық еліміздің цифрлық инфрақұрылымының қаншалықты жақсарып келе жатқанын аңғартты.


 Көзді ашып жұмғанша жер жаһанмен байланыс орнатуға қауқарлы интернет Шалқияда да қолжетімді бола бастады. Елдімекенде 40 жылдан бері тұратын Шарапат Төлембекованың айтуынша, интернет желісі жиі тартпай қалатын. Ал «бүгінде жағдай өзгерді, әсіресе оқушы балаларымның сабақ оқуына жақсы болды» дейді ол. 


ШАРАПАТ ТӨЛЕМБЕКОВА – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ

Қазақша. Интернет орнатылғанына 2-3 күн болды. Бұрынғы интернет жай қозғалатын еді.Арасында өшіп қалатын. Мына интернет тез қозғалады екен. Балаларымызға бәрімізге жақсы болып қалды. Олар сабаққа интенерт қолданады ғой.


 Ауылға талшықты-оптикалық желілер бір апта ішінде орнатылған. Мамандар жерді қазып, тұрғындарды әуреге түсірмей-ақ жаңа технология нәтижесінде сапалы байланысқа жол ашыпты.


 ЕСЕНГЕЛДІ СӘРСЕНОВ – «НАЙЛИМ-КОМПАНИ» ЖШС ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ

Шалқия ауылында GPON (Джипон) технологиясына негізделген талшықты-оптикалық жүйе орнатылды. Пассивті желі қолданыстағы электр желісі инфрақұрылымы бойынша құрылды. Талшықты-оптикалық кабельдерді электр бағаналарына бекіттік. Бұл кабельдер өте жеңіл әрі жіңішке болғандықтан, ешқандай қосымша салмақ түсірмейді. Сондай-ақ, біз бақылау құрылғысын да орнаттық. Олардың әрқайсысы жақын маңдағы сегіз үйге дейін интернет қосуға есептелген. 


Ауылды жоғары жылдамдықтағы желіге қосу жұмысы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының аясында іске асуда. Мұндағы басты мақсат – шалғай елдімекендерді сапалы байланыспен қамту. Жоба ел тұрғындарын секундына кемінде 100 мегабит жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етуді көздейді. 


 ДАМИР СЕЙСЕМБЕКОВ – ҚР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ ТЕЛЕКОММУНИКАЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

 Үкіметпен «Қолжетімді интернет» жобасы енгізіліп жатыр. Жобаның бірі Халықарылық банкпен бірлесіп жатқан жоба. Талшықты оптикалық желіні әр үйге, елдімекенге жеткізу. МемлеКетте 1000-нан астам ауылда жүргізіліп жатыр. Қызылордада 91 ауылдық жерде орнатылады.


Байланыс сапасының артуы сан түрлі саланың дамуына жол ашатыны анық. Аймақтағы ауылдарды жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосу жұмысы әлі де жалғаса береді.

Бөлісу