Негізгі Жаңалықтар "Ботақан" облыстық телефестивалінің іріктеу кезеңі аяқталды

"Ботақан" облыстық телефестивалінің іріктеу кезеңі аяқталды

Қызылорда телеарнасы ұйымдастырған аймақтағы ең ауқымды балалар жобасының іріктеу кезеңі мәресіне жетті. Өңір өрендерінің шығармашылығын шыңдап, үлкен сахнаға жол ашатын «Ботақан» облыстық телефестивалі қалай өтті? Тілші бейнематериалында.


Тележобаның үйлестіру кеңесі жасақтаған қазылар алқасы ең алдымен Арал ауданына табан тіреді. Мұндағы жергілікті өнерпаздар дәстүрлі фестивальді жыл сайын асыға күтеді. Биыл байқаудың ауқымы кеңейген. Жылда өткізіліп келе жатқан ән-би, жыр мен терме жанрларына бұл жолы көркем сөз оқу бағыты қосылды.


Аралдан бастау алған өнер керуені Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарын түгел аралады. Осылайша қазылар алқасы әр аймақтың ең үздік өнерпаздарын анықтады. Байқауға қатысқан үміткерлердің дайындығы жоғары, ынтасы зор.


Биылғы додаға 2000-ға жуық бала қатысып, сахнада 510 концерттік нөмір орындалды. Іріктеу өте тартысты өтті. Қазылар алқасының шешімімен финалға 21 әнші, 35 би ұжымы мен жеке биші, көркем сөз оқудан 15 және аспапта ойнау жанры бойынша 12 қатысушы жолдама алды. Өнер сүзгісінен сүрінбей өткен жас таланттар енді ақтық сында бақ сынайды.


Тележобаның финалдық гала-концерті 26–29 қазан аралығында Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында өтеді. Айта кетейік, жас таланттардың қанатын қатайтып, армандарына жол ашатын жоба биыл 16-шы рет ұйымдастырылып отыр.

Бөлісу