Биыл 6 қазанында Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыхалықтық референдум өтеді. Бұл туралы мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында мәлімдеді. Жолдаудағы тағы бір маңызды қадам – аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау. Президент келесі жылдан бастап жаңа жүйеге біржола көшеміз,- деді. Айта кетейік, бұл пилоттық жоба еліміз бойынша алғаш болып біздің өңірде басталған болатын.

Ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі 2021 жылы енгізілді. Содан бері елімізде 2,5 мыңға жуық әкім сайланды. Ал, облыс бойынша 109 ауыл әкімін халық таңдады. Өңірде сондай-ақ өткен жылы пилоттық режимде Сырдария мен Шиелі ауданы әкімдерінің сайлауы өтті. Аудан тұрғындары бұл реформаға қолдау білдіріп, сайлауға белсенділікпен қатысты. Шиелі ауданы әкімінің басқа қызметке ауысуына байланысты өкілеттілік мерзімі тоқтап, 15 қыркүйек күнге сайлау тағайындалды. Аудан бойынша 50701 сайлаушы дауыс беруге құқылы. Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау жүйесі ел арасында қолдау тапқанын айтады.