Аймақта күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Биыл Сыр бойынан 1800-ге жуық бозбала армия қатарын толтырмақ. Осыған орай бүгін 27 жас Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Әскери комиссариаттағылар дәстүрге сай сарбаздарды сән-салтанатымен шығарып салды.

Күзгі шақырылымда қарулы күштердің қатарына алынғандардың бірі қызылордалық – Сенім Алдияр. Ол Отан қорғау әрбір ер жігіттің парызы деп біледі. Сол себепті, оқуын бітіре салысымен әскери бөлімге өзі барыпты. Енді міне, 19 жастағы бозбала балалықпен қоштасып, ел қорғаны болуға ниетті.

Жыл соңына дейін 800 қызылордалық жас еліміздің әскери құрылымдарын толықтырады деп жоспарлануда. Ал, бұл лекте Алматыдағы Қарасай батыр атындағы шекара бөліміне жас сарбаздар іріктеліп алынды. Ұлттық қауіпсіздік коммитетінің шекара қызметіне Қызылордадан барлығы 170 сарбаз аттанады.

Сап түзеген сырбойылық жастар алдағы бір жылда әскери өмір мектебінен өтеді. Темірдей тәртіпке бой үйретіп, жауынгерлік өнерге машықтанады. Командирлердің көмегімен нағыз ер жігітке тән қасиеттерді бойына сіңіреді. Баласын әскерге шығарып салған ата-аналар үшін де бұл мерзім сындарлы кезең болмақ.

Салтанатты шара барысында шекара тарландары қояқ-қолтық жекпе-жек қимылдарын көрсетіп, жастарды жігерлендіре түсті.