Отбасы күні мерекесі биыл облыста бір апта бойы тойланды. «Мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі» тақырыбындағы қорытынды шарада отау құрғандарына 50 жыл болған «Алтын той» иелеріне құрмет көрсетілді. Ақ некенің қадірін терең түсініп, жарты ғасыр бір шаңырақ астында ғұмыр кешкен жарасымды жұптарға неке қию куәлігі табысталды.
Бұл күн «Алтын той» иелерінің өмірінде алтын әріппен жазылып қалатыны сөзсіз. Себебі, осыдан елу жыл бұрын некесін қидырған жандар араға жарты ғасыр салып қайтадан неке кәулігін алып отыр. Отбасы құндылығын сақтап, татулықтың тал бесігін қатар тербеткен үлкендердің өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге.
ҚАЛАМҚАС КӘРІМОВА, ОБЛЫС ӘКІМІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ ХАТШЫСЫ \Өздеріңіз 50 жыл бірге отау құрып, бала өсіріп немере, шөбере сүйіп үлкен әулеттің ата-анасы болып отқан бәйтерексіздер. Сіздерді осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Әрқайсыларыңыздың орындарыңыз біз үшін өте ерекше. сіздер жастардың алдында үлгі-өнегесіздер. Сіздердің жолдарыңызды жастарымызға берсін \
Иә, Сыр өңірінде отбасы құндылығын сақтап, тамырын тереңге жіберген, жапырағын жайған өнегелі, іргелі әулеттер жетерлік. Солардың бірі – қармақшылық Құлмырзаевтар отбасы. Отасқандарына 50 жыл болған Серік ақсақал мен Балкүл ана бүгінде ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере, шөберелерінің арасында бақуатты ғұмыр кешіп отыр. Саналы ғұмырын мемлекеттік қызмет саласына арнаған Серік Қожанұлы спортпен де тұрақты айналысады. Ардагерлер арасында гір тасын көтеруден Әлем біріншілігі және халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Сонымен қатар, өз жасындағы спортшылар арасында рекорд жаңартып, әлемнің Гиннес рекордтар кітабына есімі енген. Ал, жұбайы Балкүл Жалғасбаева қырық жылға жуық ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеген. Құлмырзаевтар отбасы өнерден де кенде емес.
Шиелілік Мырзахметовтер де еңбекпен өсіп өнген өнегелі әулет. Сәруар қария жастайынан техника тізгіндеп, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істесе, Балым әже Еңбекші Қаракөл созхозында сауыншы болған. Нардың жүгін арқалап, бел жазбай тірлік еткен қос қария ұрпақ өрбітіп, бүгінде ұл-қызының қызығын көріп отыр.
Мерекелік басқосуда «Алтын той» иелері отбасының беріктігі, бала тәрбиесі туралы ой-пікірлерін айтып, өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Кеш соңында жұптары жарасқан жұбайлар ескі де есті әндерді шырқап, жастық шаққа сапар шекті.