Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, физика-математика ғылымдарының кандидаты Әбділда Төрешбайұлы 75 жасқа толды. Мерейлі жас иесіне өзі еңбек ететін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұжымы құрмет көрсетті.

 Әбділда Төрешбаев 1949 жылы 16 қыркүйекте Жалағаш ауданы, Мырзабай Ахун ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын «Автоматика және телемеханика» мамандығы бойынша тамәмдаған ол әр жылдары облыстық электр жүйесі мекемесінде инженер, Қызылорда политехникумында оқытушы болып еңбек етті. 1978 жылдан бастап Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы қызметінде. Білім ұясында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарып, қауымдастырылған профессор дәрежесін иеленді. Мәскеу авиациялық институтының аспирантурасын бітірген ғалым кандидаттық диссертация қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды.

Бүгінде ғалымның аспан механикасы және ғарыштық динамика, қозғалыстың орнықтылық теориясы салалары бойынша 150-ден астам ғылыми еңбегі жарияланып, 20-дан астам оқу-әдістемелік жинағы жарық көрді. Әбділда Төрешбайұлының ғылымға қосқан үлесі бір төбе, шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі елдің жадында.

Сонымен қатар Әбділда Төрешбайұлы ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп отырған ардақты әке. Бүгінде әке тәлімін көрген ұл-қыздары ғылым, білім саласында еселі еңбек етуде.