Өңірде 200-ден астам учаскелік полиция инспекторы бар. Олардың басты міндеті – қоғамның қауіпсіздігін қадағалап, тұрғындардың тыныштығын сақтау. Ал қазақ полициясының бүгінгі бейнесі қандай? Біздің келесі бейнематериалымыз учаскелік полиция инспекторы Әділжан Жұбатқанов туралы болмақ.

«Учаске» іс-шарасы бойынша әкімшілік аймақты аралаймыз. Тұрғындармен сөйлесіп, тиісті арыз-шағымдары болса мұқият тыңдаңдар. Тұрғындарға барлық баптарды түсіндіреміз.

 Әділжан Жұбатқанов қарапайым халықтың тұрмысының бел ортасында жүрген учаскелік полиция инспекторы. Ішкі істер органдарында жұмыс істеп жүргеніне биыл алтыншы жыл. Өзі бекітілген учаскеде әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтарды болдырмау үшін профилактикалық жұмыстарды сапалы атқару оның тікелей міндеті. Міне, бүгін де «Бәйтерек» ықшам ауданында «Учаске» іс-шарасына кірісіп кетті. Бұл халық тығыз орналасқан аумақ. Бес мыңнан аса тұрғыны бар. Кейіпкеріміз арнайы рұқсат қағазымен алдымен қару ұстайтын азаматтардың үйіне барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Қаруды тексеру және сейфте қаруды қалай сақтау керектігін айтып береді.

Сондай-ақ бұл күні Әділжан Жұбатқанов пробация есебінде тұрғандар мен шартты түрде мерзімінен босатылған азаматтарды бір түгендеп шықты. Осы адамдардың барлығын күнделікті мекенжайлары бойынша тексеріп, қадағалау оның қауырт қызметінің бір парасы ғана. Инспектордың айтуынша, жұмыс барысында неше түрлі жағдайлар болады. Мәселен, қызмет барысында бірнеше рет мал және пәтер ұрлығының, тіпті алаяқтықтың жолын кескен. Яғни, полиция қызметкері үшін білім де, білік те, білек те керек.

Іс-шара аясында тәртіп сақшысы егде жастағы тұрғындардың хал-жағдайын сұрастыруды да жөн санады. Байқағанымыз, көпшілік инспекторға сенім артады екен.

Таңдаған мамандықтың қыр-сырын жеткізуде тосылмаған кейіпкеріміз жұмыстың оңай емес екенін айтады. Учаскелік полиция инспекторлары күн-түн демей табандарынан тік тұрып, қызмет етеді. Осынау қажыр-қайратының арқасында Әділжан Жұбатқанов бүгінде аймақ бойынша үздік инспеткорлар қатарында. Ал, полицейдің жұмысы жүйелі болуы үшін жыл басында оған жаңа қызметтік көлік табысталған.