Қазақстан мен Мажарстан құны 540 млн доллардан асатын бірлескен жобаларды пысықтап жатыр. Бұл туралы Президент Тоқаев кәрі құрлықтағы бауырлас елге мемлекеттік сапары кезінде айтты. Мажар компаниялары Қазақстанда зауыттар салуды көздеп отыр. Ал, Будапештте бірлескен логистикалық хаб құру жоспарланды. Бұл Еуропа мен Орталық Азия арасындағы алыс-берісті арттыруға мүмкіндік беретін жоба.
Будапешттегі король сарайы. Қаладағы ең көрікті әрі тарихи ғимарат. Юнеско мұралар тізіміне кірген. Премьер-министр Виктор Орбан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты осы жерде сән-салтанатпен қарсы алды.
Виктор Орбан тәжірибелі саясаткер. 61 жаста. 2010 жылдан бері премьер-министр лауазымынан түскен жоқ. Оның батыл мәлімдемелері жиі сынға ұшырап жатады. Дегенмен, ол саясатта әрдайым ұлттық мүддені бірінші орынға қояды.
ЖАНЕРКЕ ҚАЙРАТҚЫЗЫ - САЯСАТТАНУШЫ
//Жалпы Орбанды евроскептик деп те атайды. Өйткені ол еуроодаққа үлкен реформалар қажет дейді. Мәселен АҚШ-қа Трамп сайланғаннан кейін Еуродақтың АҚШ-пен қарым-қатынасына жаңа көзқарастар керек деген мәселелер Орбан тарапынан айтылып келе жатыр. Орбан дәл сол мемлекетшіл адам. Себебі ол ең бірінші орында өз мемлекетінің мүддесін, сосын кейін еуроодақ ережелеріне бағыну екінші орынға түсіп тұр.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Президентімен кездесті. Тамаш Шуйокпен Шандор сарайында келіссөз жүргізіп, құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
//Қазақстан мен Мажарстан ортақ тарих пен мәдениетке арқа сүйей отырып, екіжақты берік байланыс орнатты. Еуропадағы алғашқы елшілігіміз осыдан 30 жыл бұрын Будапешт қаласында ашылған. Мажарстан Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындады. Мұны ерекше атап өту керек.
ТАМАШ ШУЙОК – МАЖАРСТАН ПРЕЗИДЕНТІ
//Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстан – бүгінде Орталық Азияда экономикалық даму тұрғысынан жетекші ел. Сіздің еліңіз үшін халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты сақтау – маңызды басымдық. Қазақстан бейбітшілік пен тұрақтылыққа зор үлес қосып келеді. Бүгінде елдеріміз көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға және тұрақты байланыстарды ілгерілетуге күш салып отыр. Біздің мәдени қарым-қатынасымыз ғасырлардан тамыр тартады.
Мажарстандық компания Түркістан, Ақмола және Қостанай облысында құрама жем шығаратын зауыт салмақ. Қуаттылығы жылына 100 мың тонна. Ол Қазақстанды ғана емес Орталық Азия аймағын қамтамасыз етуге қауқарлы.
ХОРВАТ ПЕТЕР «UBM GROUP» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
/АУДАРМА/Қазақстанда біз аграрлық салада үлкен потенциал көріп отырмыз. Біз тәжірибемізбен, жаңа технологияларымен бөлісуге дайынбыз.
АЙДАРБЕК САПАРОВ – ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ
//Біз қолдау көрсетеміз. Оның ішінде инвест субсидия бар, басқа да бар. Бұл кісілер өз ақшасын жүз пайыз кіргізетін болса бізге үлкен қолдау болады. Мал шаруашылғын дамытуға да, қалғанын экспортқа шығаруға да мүмкіндік бар.
Будапешт әуежайының маңайында бірлескен логистикалық хаб құру мәселесі пысықталып жатыр. Ол Мажарстан, Қытай және Қазақстан теміржолының үштігімен салынбақ. Аумағы 4,5 мың шаршы метр.
АБЗАЛ САПАРБЕКҰЛЫ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МАЖАРСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ
//Қазақстанның Бір белдеу – бір жобасының шеңберінде транзиттік-көліктік транзиттерін әртараптандыру. Оның ішінде, Каспий теңізі арқылы, Мажарстан арқылы Еуропа нарығына шығу. Себебі Мажарстан еуропаның қақ ортасында орналасқан, осы Будапешттің 300 шақырым айналасында 100 млн-ға жуық нарық бар. Ол бір жағынан тас жол, теміржол, әуежолы өте жақсы байланыста. 2-3 сағаттың айналасында осындай нарыққа шыға аламыз.
Сонымен бірге келер жылы Астана мен Будапешт арасындағы тікелей әуе қатынасы қайта жанданады.
Қос ел су саласындағы мамандарды дайындау жұмысында күш біріктірмек. Мажарстанның үздік оқу орындары Тараздағы жаңа университетпен бірлесе жұмыс істеуді жоспарлап отыр.