2024 жыл Қытайда «Қазақстан туризмі» жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған байланысты қытайлық туристер Сыр өңіріне арнайы келіп, қаланың тарихи әрі көрікті жерлерін аралады.

Қытайлықтарды таңқалдырған нысанның бірі – «Анаға тағзым» орталығы. Заманауи үлгіде салынған ғимарат алыстан көз тартады. Туристер креативті индустрия орталығының жұмысымен танысып, қазақтың бай тарихы мен мәдениетін, жергілікті қолөнер шеберлерінің бұйымдарын көрді. Сонымен қатар, «Қазақ елінің ұлы аналары» картинасы мен «Ұлт жақұты» музей залын тамашалап, ерекше әсер алғанын айтады.

 БАЙ ЖУНПИН, ТУРИСТ

Мен Шыңжаңдағы қазақтар тұратын Құлжа қаласынан келдім. Бұл қала маған өте ұнады. Осы жақтың мәдениеті Құлжадағы қазақтардың мәдениетіне ұқсайды. Сондықтан ересектер мен жасөспірімдерді осында саяхатқа әкелеміз.

Иа, қай елдің болмасын анаға деген құрметі ерекше. Себебі, ана отбасының ұйытқысы, берекесі мен бірлігі. «Анаға тағзым» орталығында ана деген сөз әлемнің 32 тілінде жазылған. Мұны көрген қытайлықтардың таңданысы ерекше болды.

ША ВЫЙНА, ТУРИСТ

Біз қатты разымыз. Қазақтардың қонақжайлығы керемет екен. Осы ғимаратқа кіргеннен кейін ерекше әсерлендім. Қазақ ұлты жасөспірімдердің болашағына үлкен көңіл аударады екен. Мұнда ананы ерекше қадірлейтіні көрініп тұр. Қытайда да ананы өте қатты құрметтейміз. Бізде «Бір жақсы әйел ұш ұрпаққа әсер етеді. Ол жолдасын, баласын тәрбиелейді» деген сөз бар.

 Қытайдың туристік операторлары Байқоңыр ғарыш айлағы мен Арал теңізіне ерекше қызығушылық танытатынын айтады.

 ЖАНАР ХАСЕЙІН, ТУРИСТІК ОПЕРАТОР

Қытайлық әріптестеріме қазақтың терең жатқан мәдениетін, әдет-ғұрпын жаңалықтарын таныстырып жатырмыз. Бұрын мұндай орталық бар деп ойламағанбыз.

Қытайлық туристердің сапары мұнан әрі Байқоңыр қаласы мен Арал ауданында жалғасады.

Айта кету керек, соңғы жылдары Сыр өңірінің туристік әлеуеті жақсарып келеді. Мәселен, былтыр облысқа 53 мыңнан астам адам келсе, жыл басынан бері 67 мыңға жуық турист өңірге табан тіреген.