«Тең қоғам» мүгедектігі бар адамдарды қолдау орталығының ұйымдастыруымен спорттық сайыс өтті. Жарыста 50-ге тарта қатысушы өз мүмкіндіктерін сынап көрді.
«Тең қоғам» орталығы түрлі бағыттағы іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Мақсат – мүгедектігі бар адамдарды қоғамнан тыс қалдырмай, олардың ортақ іске жұмылуына қолдау білдіру. Елуге тарта азаматты топтастырған сайыс қатысушыларды бұқаралық спортқа бейімдеуге бағытталған.
Дартстан сынға түскен 24 қатысушы берілген алты мүмкіндік арқылы ұпай жинады. Нысана көздеп, мергендігімен танылған Құлмахан Андашев жеңімпаз атанса, екінші орынды Оспан Тұрлыбек еншіледі.
Дойбыдан Алдаберген Ибраев қарсыластарын қапы қалдырса, үстел теннисінен Бауыржан Кулуновтың мерейі үстем болды. Жүлдегерлерге алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табысталса, барлық қатысушылар естелік сыйлықтарға ие болды.