Әне-міне дегенше, қылышын сүйретіп, қыс келіп қалды. Осы орайда елімізде табиғи апаттардың алдын алу мақсатында дайындық жұмыстары қыза түсті. Шұғыл әрекет тобының «Қыс-2024» республикалық штабтық оқу-жаттығуы аясында Сыр өңірінде де сақтық шаралары пысықталды.

 Апат айтып келмейді. Сондықтан қай кезде де сақадай сай болу маңызды. Әсіресе, табиғи және техногендік апат орнына дереу жету жақсылап сайлануды қажет етеді. Сол себепті өрт сақшылары, суда құтқару қызметі, полицейлер, жедел жәрдем мен коммуналдық кәсіпорындардың мамандары сап түзеп, артық-кемді бағдарлап алды. Жиынға аймақ басшысы арнайы қатысып, барлық құрылымның дайындығымен жіті танысты.

 Жаттығудың республикалық штабы Көкшетау қаласында орналасқан. Дегенмен, арнайы жүйе арқылы барлық өңірдің практикалық дайындығы бақыланып отыр. Екі күнге жоспарланған оқу-жаттығу барысында ең күрделі жағдайда әрекет ету жайы пысықталып, сала мамандарының кәсібилігі бағаланбақ.

 Саптық қараудан соң қала маңында жаттығудың практикалық кезеңі өткізілді. Яғни, шартты түрде қолайсыз ауа-райы салдарынан үлкен жол көлік оқиғасы орын алып, азаматтық қорғау саласының мамандары жедел әрекет етудің тактикалық қадамдарын жасады. Бұл оқу-жаттығу жиынына 35 қызметкер мен 12 техника жұмылдырылған.

Мұнан соң әуежай маңында жоғалған азаматтарды іздестіру жағдайынан тактикалық дайындық көрсетілді. Оқу-жаттығу барысында мамандар тапсырманы тиянақты орындап, жүктелген міндетті дер кезінде еңсеріп отыр. Айта кетейік, штабтық жиында электр сиреналары іске қосылып, құлақтандыру жүйесіне техникалық тексеру жүргізіледі.