Бүгін Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз» ғарыш кемесінің ұшырылымы сәтті өтті. Зымыран тасығыш көк зеңгірге "Прогресс МС-29" жүк кемесін алып ұшты.
Ғарыш стансасына 2,5 тонна жүк, оның ішінде 869 келі жанармай, 420 келі су және 43 келі азот жөнелтілді. Бұдан бөлек азық-түлік, киім-кешек секілді керек-жарақтар бар. Бір қызығы, бұл жолы әдеттегі азық-түлік түрінен бөлек, кептірілген жылқы және баспақ еті жөнелтілді. Сондай-ақ 1 тоннаға жуық техникалық құрал-жабдықтар, атап айтар болсақ "Вампир", "Лазма", "Фуллерен" секілді құрылғылар тәжірибе жүргізу үшін ғарышқа жеткізіледі. Роскосмостың мәліметінше жүк кемесі Халықаралық ғарыш стансасының ресейлік сегментіне 23-ші қарашада барып қосылады. Ал жүк көлігі орбитада 186 күн тұрады.