3 желтоқсан - халықаралық мүгедектер күні. Атаулы датаға орай облыс орталығында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Жиында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, түрлі жетістікке жеткен ерекше топтағы азаматтар «Жыл үздігі» номинациясымен марапатталды.

 Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдау және олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекет алдындағы басты міндеттің бірі. Аймақта осы мақсатта бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, мүгедектігі бар 33764 тұрғынның 29 мыңға жуығы техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілді, 374 нысанға бейімдеу жұмыстары жүргізілді. Яғни, арбаға таңылған азаматтардың ғимаратқа кедергісіз кіріп шығуына жағдай жасалды. Мұнан бөлек, биыл алғаш рет облыстағы барлық санаттағы мүгедектігі бар ересектер мен балаларға 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілді.

ДАНИЯР ЖАНАЛИНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ

Мүгедектігі бар адамдардың ғимараттарға кедергісіз кіріп шығуына жағдай жасау мақсатында бекітілген жоспарға сәйкес 21 жылдан бастап 883 нысанға бейімдеу жұмыстары жүргізілді. Облыста инватакси қызметін 45 көлік жүзеге асырады.

 Мүгедектігі бар азаматтар қоғамның қай саласында болмасын белсенді. Олардың арасында он саусағынан өнер тамған ісмер, мың бұралған биші, күміс көмей әнші, халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген спортшылар да бар. Салтанатты шарада жыл көлемінде жетістікке жеткен жандар құрметке бөленді.

Марапат мінберінен көрінгендердің бірі – Күлсін Арзымбетова. Тігіншіліктің қыр-сырын меңгерген қала тұрғыны «Үздік қолөнерші» номинациясына ие болды. Айта кету керек, қызылордалық ісмер 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында әлем рекордын жаңартқан алып құрақ көрпені тігуге қатысқан болатын.

 Шара барысында мүгедектігі бар азаматтардың қолынан шыққан түрлі қолөнер бұйымдары келушілердің назарына ұсынылды. Ұлттық нақыштағы тақия мен сәукеле, жастық, көрпеше, жүннен тоқылған баскиім, гипстен жасалған тиын салғыш пен әшекей бұйымдар көпшіліктің қызығушылығын туғызды.