«Аманат» партиясы қалалық филиалының ұйымдастыруымен келіндер сайысы өтті. Бес кезеңнен тұратын сайысқа қалаға қарасты елді-мекендерден келген тоғыз келін қатысты.
Қазақтың келіні – бар мұратын отбасының игілігіне байлаған, бар тілегін перзентінің жолына арнаған, ұлттың ұйытқысы. Өн бойына ізгі қасиеттерді жиған қатысушылар қазақ келіндерінің бейнесін дәріптеп, салт-дәстүрді жаңғыртып, жас-ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетті.
Екінші кезеңде келіндер арасындағы тартысты бәсеке қыза түсті. Жанды дауыста ән шырқап, би билеген үміткерлер әдеби шығармалардан үзінді сахналап, ұлттық аспаптарда ойнады.
ЖАДЫРА ЖҰМАБЕКОВА - САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
Ақсуат ауылынан қатысып жатырмын, өзім балабақша қызметкерімін. Бүгінгі шараға қатысып жатқаныма қуаныштымын. Келін болу бақыт қой, жаңада айтып жатырғой қызың жақсы болса мың бақыт,ұлың жақсы болса ол бақыт, келінің жақсы болса шын бақыт деп. Алдымыздағы абысындарымыздың ақылын тыңдап, енеміздің өсиетін тыңдап, осы келіндік жолда жақсы жүріп келемін деп есептеймін өзімді.
Мұнан соң келіндер ақыл-ой сайысында сыналды. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа қатысты сұрақтарға жауап берді. Әрі қарай өз қолымен дайындаған қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдарды таныстырды.
ГҮЛШАТ МҰСАЕВА - «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ
Іскер келін байқауы,негізінен жастарға арналған, 35 жасқа дейінгі жас келіндерді іріктеп алып отырмыз. Тек қана мынау қаланың аймағындағы, шет аймақатғы Тасбөгет пен Белкөл кентін және 7 ауылдық округті алып отырмыз. Өйткені бәрі тең дәрежеде болу керек. Өздеріңізде білесіздер, қаланың келіндері басқашалау, ауылдың келіндері басқашалау дегендей. Биылғы жылы бірінші рет бастама ретінде ұйымдастырып отырмыз,ары қарай дәстүрлі түрде жалғастыру ойымызда бар.
Осылайша ақыл мен парасат, ісмерлік пен ептілік сыналған сайыстың жүлдегерлері анықталды. Бас жүлдені Қарауылтөбе ауылының тұрғыны Ажар Кешубай жеңіп алса, екінші орын талсуаттық Шолпан Ахметоваға бұйырды. Үшінші орынды қызылжармалық келін Айым Бекболатқызы иеленді. Көптің көзайымы болған Перизат Келімбетова «Бесаспап келін» номинациясымен марапатталды.