Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Италияға жұмыс сапары кезінде Рим қаласындағы бірқатар инвесторлармен кездесті. Алдымен «Confindustria» ассоциациясының вице-президенті Витторио Майоранамен жүздесіп, өңдеу өнеркәсібі саласында бірлесіп жұмыс жасау мәселесін талқылады.
Нұрлыбек Нәлібаев кездесу барысында Сыр өңірінде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, құрылыс материалдарын, мұнай өндірісіне қажетті тауарлар шығару, жылыжай салу, машина жасау, тері және жүн өңдеу сияқты салаларда бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді.
«Біз «Confindustria»-ның тарихы бір ғасырдан асатынын білеміз. Қауымдастық құрамында кеңею, Қазақстанға орналасу, жаңа нарыққа шығу бағытындағы компаниялар болса, бірлесіп жұмыс жасауға шақырамыз. Серіктес қажет болған жағдайда, аймақта кәсіпкерлер бар. Таныстырып, іс бастауға қолдан келгенше көмек көрсетеміз. Біз әрбір инвесторға қолданыстағы заңнама аясында жер телімін беріп, Қазақстандағы даму институттарынан қаржылай көмек алу үшін құжат әзірлеуді сүйемелдеуге дайынбыз. Сондай-ақ, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жобаларға қаржылай көмек көрсетуге мүмкіндігіміз бар».
Аймақ басшысы мұнан соң клиникалық диагностика мен медициналық құрылғыларға арналған өнімдерді әзірлейтін «SGM Іtalia» компаниясының басшысымен кездесті. Іскерлік кездесуде медицина саласындағы инвестициялар үшін негізгі бағыт айқындалды. Оның ішінде Қызылорда облысында биохимиялық ерітінділер мен реагенттердің жергілікті өндірісін ашу мәселесі талқыланды.
Облыс әкімі «Sace» экспорттық-кредиттік агенттігінің президенті Филипо Джансатемен де кездесті. Онда ауыл шаруашылығы, тері, жүн өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары, мұнайға қажетті тауарлар, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, су ресурстары және көлік-логистика салаларындағы бірқатар тартымды жобалар ұсынылды.
Ал, «Ansaldo Energe» компаниясының басшысы Фабрицио Фаббримен кездесуінде өңірдегі энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар талқыланды. Нұрлыбек Нәлібаев Қызылордада қуаттылығы 240 МВт жаңа жылу-электр орталығының құрылысы жүріп жатқандығын айтты. Жаңа нысан толығымен іске қосылған кезде облыстың электр энергияға деген қажеттілігі толықтай қамтамасыз етіледі және Қызылорда импорттаушыдан экспорттаушы өңірге айналады. Нұрлыбек Нәлібаев кездесу соңында шетелдік инвесторларды Сыр еліне іс - сапармен келуге шақырды.