Ақжолтай ақпар! Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиадада Сыр өрендері жеңіс тұғырынан көрінді. «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясымен бірінші орынды иеленді. Жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша өткен білім бәсекесіне еліміздің әр өңірінен 500-ге жуық оқушы қатысқан болатын.
Ал, пәндік олимпиаданың бірінші кезеңіне облыс бойынша 8190 оқушы қатысқан. Олардың арасынан 71-і үздік шығып, республикалық кезеңге жолдама алды. Білімімен дараланған шәкірттердің алғашқы легі олимпиаданың жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша бақ сынап, жақсы нәтиже көрсетті. Атап айтсақ, Қазалы ауданындағы №249 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Анель Әдiлбек, Жалағаш ауданындағы №201 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Азамат Тұрсынбек алтын медаль иегері атанып, Сүлеймен Демирель Университетінің білім грантын жеңіп алды. Сонымен қатар, Жаңақорған ауданындағы №169 мектептің 6-сынып оқушысы Төре Балтабай «Ең жас қатысушы-2025» номинациясын иеленді. Жалпы, республикалық олимпиадаға жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша қатысқан 40 оқушының 25-і жүлдеге қол жеткізді.
БАЯН НИЯЗОВА, «ДАРЫН» ОБЛЫСТЫҚ ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Былтырғы жылдан 3 мың бала артық тіркелді. Ол дегеніміз балалардың осы олимпиадаға сенімдері, білімдері деп ойлаймын. Мұның барлығы тест түрінде өтті республикалық дарын орталығы ұйымдастырды. Бұл жерде адалдық академиясы сақталды.
АЗАМАТ ТҰРСЫНБЕК, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПӘНДІК ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗЫ
Биылғы олимпиадада жоғары көрсеткішке қол жеткіздік. Бұл біздің облыс үшін үлкен мақтаныш деп айта аламын. Келесы жылыда дәл осы көрсеткішті қайталаймыз деп ойлаймын.