Астанадан ақжолтай ақпар! Жерлесіміз, айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан «Төрлет, еңбек адамы!» тақырыбында өткен аламан айтыста атой салып, «Алтын домбыра» иегері атанды.
Дүбірлі додаға жыл көлемінде елімізде өткен республикалық және халықаралық айтыстарда үздік өнер көрсетіп, жүлделі орындарды еншілеген 14 ақын қатысты. Аузымен құс тістеген арқалы ақындардың арасында Сыр елінің намысын қорғаған өрелі өнер иесі Мейірбек Сұлтанханның мерейі үстем болды. Нартай мақамын әуелетіп, сұлу сөзден маржан терген Сыр тумасы осылайша айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязовтан кейін «Алтын домбыраны» қанжығалап отыр.
Еңбек адамын ұлықтауға арналған айтыста дара шапқан Мейірбекті облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтап, игі лебізін жеткізді.
«Сыр өнерінің, руханиятының жұлдызы биікте жарқырауы өңір жұртшылығын қуантты. Мейірбек Сұлтанханның Мұхтар Ниязовтан кейін «Алтын домбыраны» иеленуі жыр еліндегі сабақтастықтың үзілмегенін тағы бір дәлелдеді. Барша жұртшылықты Сыр перзентінің қанжығасына «Алтын домбыраның» байлануымен құттықтаймын. Мейірбекке айтыстағы жетістігің құтты болсын, ел алдында айтар сөзің сарқылмасын деймін. «Сыр елі – жыр елінің» өнер керуенін алға апарар ақтаңгерлері аман болсын,- деді аймақ басшысы өзінің құттықтауында.