Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында «Өз-аға» деректі драмасының премьерасы болды. Спектакльде еліміздің мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің өмір жолы және жиырмасыншы ғасырдың ортасы мен соңғы ширегінде орын алған оқиғалар желісі суреттеледі.
«Өз-аға» қойылымы 70 маусымның алғашқы премьерасы, әрі ұлт қайраткері Өзбекәлі Жәнібековке арналған тұңғыш спектакль. Жасыратыны жоқ, жиырмасыншы ғасырдың ортасында кеңестік идеологияның қызыл шеңгелі дәстүрімізді дүдәмал күйге түсіріп, сан ғасыр бойы қалыптасқан құндылық қайнарын талқандады. Деректі драмада бас кейіпкердің сол кезеңде ұлттық мүдде жолындағы күрескерлік қыры мен азаматтық болмысы көрініс табады.
Өзбекәлі Жәнібеков қай қызмет тізгінін ұстаса да, елдік мүддені биік қойып, саясат салқынын бастан кешкен қайраткер. Мәдени майданда мыңмен жалғыз алысып, талай ұлттық жәдігерді сақтап қалды. Шалғайдағы қазақтың да шырағын жағып, оларды сауаттандыруға сүбелі үлес қосқан. Спектаклде тарихи тұлғаның осындай әр кезеңдегі жанқиярлық жұмысы суреттеледі. Ойлы туындының авторы жас жазушы Әділхан Асанов. Бұл қазалылық қаламгердің театрда сахналанған алғашқы еңбегі.
Ал, қаламгердің қағазға түсіргенін жұртшылыққа өзінше өрнекпен ұсынған талантты режиссер Ақтөре Оразалы. Ол осыған дейін Сыр театрында 10-нан астам шығарманы сахналаған. Дегенмен, тұлғатанымдық бағытқа алғаш рет қадам басып отыр. Сондықтан, көп ізденгенін айтады.
Деректі драмада әр кезең қамтылғандықтан қойылым 2 сағатқа созылды. Бірақ, көрермен қатары мүлдем сиреген жоқ. Оқиға желісі жұп-жұмыр әрі сахнаның безендірілуі ерекше. Спектаклдің шынайылығы сол, Өзбекәлі Жәнібековтың соқтықпалы-соқпақты өмір жолын көрген жұртшылық көзіне жас алды. Қойылымда бас кейіпкердің бала кезін Ержігіт Сармырзаев бейнелесе, толысқан шақтағы тұлғасын театр әртісі Қанат Архабаев пен Сырым Әбдіразақов сомдады.
Осылайша Сыр өнері ұлт перзентінің қайраткерлік қырын айшықтаған жауһар дүниемен толықты. Алдағы уақытта театр ұжымы осылай елдік мүдде жолында қым-қиғаш жолдан өткен өзге де арыстардың еңбегін дәріптемек.