Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, жыршы Ұлжан Байбосынованың екі бірдей кітабы жарыққа шықты. Сыр өңірінде қос туындының тұсауы кесіліп, оқырман қауымға таныстырылды.
Ұлжан Мәлікайдарқызы Сыр бойы шайырларының кәусар мұрасына сусындаған жыршы. Көпшілікті талантымен тәнті етіп жүрген термеші ретінде де кеңінен таныс. Бүгінде Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасында жастарды өнерге баулып жүр.
«Сыр бойы жыраулық өнердің бастаулары» атты кітабында дархан далада сақталған ауыз әдебиетінің барлық жанрлық ерекшеліктері, соның ішінде терме-толғау, арнау, көңілқос, мінажат-ғазал, мысал-хикая, қисса-дастандар жайында әңгімелейді. Ал, «Сыр бойындағы шайырлық дәстүр және ислам мәдениеті» деп аталатын туындысында өңірдің әрбір ақын-шайырының соңында қалған мол мұрасын дәріптейді.
ҰЛЖАН БАЙБОСЫНОВА - ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, ЖЫРШЫ
Бұл тақырыпты таңап алу себебім Сыр бойындағы шығыс поэзиясы, ислам идеологиясы әдебиетімізде қатты дамыды деп айтуға болады. Осы еңбекте ерекше ғылыми зерттеуге айналған мінажат-ғаззал жанрларының көрініс табуы. Ислам дінінің қазақ топырағына келуі, әдебиет арқылы кеңінен өріс алуы, ақын-шайырлардың мұрасы осы еңбекте айтылады. Мәдениет, әдебиеттануда бұл өзінің орны бар еңбек деп есептеймін.