«Сыйлағым кеп тұрады біреуге үміт...». Осындай тақырыпта нәзік иірімді туындыларымен жүрекке жол таба білген ақын Елубай Әуезовтің шығармашылық кеші өтті. Рухани шарада қаламгердің жеті бірдей кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.

 Елубай Әуезов үнемі ізденістің ізінде жүретін ақын. Өлең өлкесінде өзінше өрнек сала білген қаламгер соңғы уақытта шалқар шабыт кемесіне мінгендей. Оған дәлел бір жылда жеті кітап жазып, таңдамалы туындыларының тұсауын кесті. Ерекшелігі сол, ақын шығармалары бір-біріне ұқсамайды.

ЕЛУБАЙ ӘУЕЗОВ - ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, АҚЫН

 Табиғаттың, Алланың дейміз бе, құбылысы болды. Тоқтаусыз жазып кеттім. Содан бері сегіз жыл болды. Эфирден айтып та жүрмін арасында: бір күнде 30 өлеңге дейін жазған кездерім болды. Оның не құбылыс екенін өзім де зерттеп көрген жоқпын. Соның негізінде 4-5 мыңға жуық өлеңдер жарық көрді. Ақпараттық дүниенің қатты дамып жатқан уақытында қалың бетті поэзияның өзін қатты оқи қоймайды. Сондықтан бұл кітаптарды 165 өлеңнен жазып шықтым. Мен қамтымаған тақырып жоқ. Негізі, мәңгі жұмбақ болатын – жанның хәлін жырлаймын.

 Жиынға зиялы қауым өкілдері, ақынның өнер жолындағы замандастары және өлең-сөзге жаны құмар оқырмандар жиналды. Кешті ақын Дүйсенбек Аяшұлы тізгіндеп, поэзия әлемінің шырағын маздата түсті. Шығармашылық иесіне облыс әкімінің құттықтау хаты табыс етілді.

 ШАХМАРДАН БАЙМАНОВ - ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

 Сыр топырағы қазақ поэзиясының бағына туған талай дүлділ ақындарды түлетсе, бүгінде сол қасиетті өнердің жалғастырушысы ретінде жұртшылық сізді жақсы таниды. Жыр туындыларыңыз көпшіліктің сұранысына ие. Сіздің жырларыңыздағы ұлттық иірімдер мен лирикалық терең ойларыңыз оқырманды үлкен ойға жетелейді.

Елубай Әуезов тілшілік тіршілікпен қатар, көпке ой салатын өрнекті өлеңдер жазуды дағдыға айналдырған. Жырларында жұртқа ақыл айтпай-ақ, өмірдің ақ-қарасын ақтарып береді. Мұны «Өмір тәпсірі», «Жанымның жарығы», «Сезімдегі шексіздік» кітабындағы жан тануға негізделген туындыларынан байқауға болады. Жаңа жинаққа поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған аға буын өкілдері айрықша бағасын берді.

АЙДАР СЕЙДӘЗІМ - ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ, АҚЫН

 Шығармашылығы жөнінде айтатын болсақ, ертедегі Сыр сүлейлерінің жалғасы. Өте нәзік лирика, махаббат туралы, туған жерге. Былай айтқан ол кісі өлеңмен сөйлейді.

АСАНТЕМІР ҚАРШЫҒАҰЛЫ - ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ

 Елубайдың басқалардан бір ерекшелігі тынымсыз еңбек ететіндігі, күні-түні жазатындығында. Соның дәлелі жеті бірдей кітаптың тұсауы кесіліп, жыл жабар жасап тұрғанында. Бұл - ақынның жеңісі деп айтуға болады. Сондықтан «Елубайдың жазары көп болсын» деген жақсы тілек айтқым келеді.

 Қаламгердің еңбегі оқырманның оң бағасына ие болғанда ғана шынайы құнды болмақ. Елубай Әуезов өзіндік қолтаңбасымен оқырманын тапқан ақын. Өнер иесі әлі талай тың туындыларымен көпшілікті қуантпақ.