Облыс орталығында Темірбек Жүргеновтің өнегелі өмірін насихаттауға арналған жыр байқауы өтті. Республикалық өнер додасында 30-ға жуық жыршы бақ сынап, тарихи тұлғаның еңбегі дәріптелді.
Алаштың астанасы Ақмешітте талай таланттың табанының табы қалған. Темірбек Жүргенов сол кесек тұлғанның бірегейі. Сыр перзенті 40 жылдық ғұмырында ұлт мәдениеті мен өнерін өрістету жолында қыруар шаруа атқарды. Оның еселі еңбегі уақыт өткен сайын тарих сахнасында жарқырай көрінуде. Өткен жылы ұлт қайраткерінің 125 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде тойланып, құнды мұралары жинақталған еді. Әсіресе, шығыс шайырларының шығармасын қазақ тілінде сөйлеткен Жүргеновтің жыршылық өнерге қосқан үлесі зор.
АЛМАС АЛМАТОВ –ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, ЖЫРАУ
Өлшемі де азаматкершілік өзгеден озық тұратын Нарком Темірбек Жүргенов. Ол кісінің қолдауымен Қазалыда түрмеде жатқан Тұрмағамбетті Алматыға алдырып, Шахнаманы жаздырып, сол кісіге өмірлік пенсия тағайындаған Т.Жүргенов. 40 мың жолдық «Шахнама» халыққа қазынамыз болып қызмет етіп отыр.
СӘПЕН АҢСАТОВ – «Т.ЖҮРГЕНОВ» АТЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚОР ТӨРАҒАСЫ
Жыл өткен сайын Темірбек пен Тұрмағамбеттің асыл бейнесін шаң баспау қажет. Кір шалмау қажет. Елдің есінен ұмытылмауы қажет. Олардың асқақ рухы мұқалмауы қажет.
Тарихи тұлғаның есімін ел жадында жаңғырту мақсатында облыс әкімдігінің бастамасымен былтырдан бері біршама рухани шара ұйымдастырылды. Сол алтын арқау із республикалық жыршылар байқауына ұласып отыр. Дүбірлі додада жергілікті өнерпаздармен қатар, еліміздің әр аймағынан келген 30-ға жуық өнерпаз бақ сынады.
ДЕМЕУ ЖОЛЫМБЕТОВ – ЖЫРШЫ
Мәдени шараның халықтың ой-өрісін кеңейтуге көп көмегі тиеді. Темірбекке қанша арнау айтылып жатыр. Темірбектің жаңа қырын ашқандай болып жатыр. Соған біз ғанибет тауып жатырмыз.
КҮНСҰЛУ ТҮРІКПЕН – ЖЫРШЫ
Бұл конкурстың ерекшелігі жыр өнерінде жүрген дүлдүл қайраткерлер қатысып жатыр. Демеу Жолымбетов ағамыздан бастап күні бүгінге дейінгі жас өркен жас шәкірттерге жалғасқан шара жыр өнерінің атадан балаға мирас өнер екенін және ұрпақтар сабақтастығының тамаша көрінісі деп тануға болады.
Байқау барысында жыршылар Темірбек Жүргеновке арналған шығармаларды Сырдың мақам-сазына салып орындады. Ілгерідегілердің ізімен таңнан кешке дейін жалғасқан жыр аламанында қызылордалық Күнсұлу Түрікпен үздік атанып, бас жүлдені еншіледі. Осылайша, сырбойылық жұртшылық жыр жақұтына кенеліп, рухани азық алып тарқасты.