Әлем әдебиетінің абызы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай Арал қаласында тағылымды шаралар ұйымдастырылды. Республикалық ғылыми-танымдық конференцияда қаламгер қауым жазушының кісілік келбетін, шығармашылық мол мұрасын талқыласа, парасатты поэзия кешінде ақындар өлеңнен өрнек салды. Сондай-ақ, жазушының «Қан мен Тер» трилогиясы тұңғыш рет аудан өнерпаздарының қатысуымен сахналанды. Тақырыпты тілшіміз Қозы Көрпеш Жасаралұлы тарқатады.

Сөздің майын тамызып жазу үшін, көздің майын тамызып оқу керек. Әсілі, бұл Әбдіжәміл Нұрпейісовке арнап айтылған тәрізді. Қабырғалы қайраткер қашанда ілім іздеуден, жазу-сыздан танған жоқ. Шоқтығы биік шығармаларын беріге дейін түзеп-күзеп, бүгінгі заманға бейімдеп кетті. Арал қаласында 2014 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әдебиет үйі ашылған еді. Қазір мұнда мыңға жуық құнды материалдар жинақталған.

 БАУЫРЖАН ЖАҚЫП – АҚЫН .

Жазушы ретінде және осы Аралдың перзенті ретінде өзінің бүкіл миссиясын орындаған адам ретінде тануымыз қажет.

Жазушының жүз жылдығы жыл бедерінде тойланып жатыр. Бұған дейін «Қалам ұшындағы ғалам» атты суретшілер симпозиумы, бірнеше рет шығармашылық байқаулар өтті. Кеше ғана Сырдың бас шаһарында әдебиет алыбын ардақтауға арналған мәдени кеш өтті. Енді міне, оның соңы талантты түлеткен топырақта түйінделіп отыр. Облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қаринның құттықтау хатын жеткізді.

  Әбдіжәміл Нұрпейісов ұрпаққа үлгі, ұлысқа игі болатын шығармалар қалдырған классик. «Ғасырлық ғұмыр ғибраты» атты конференцияда жазушының кісілік келбеті, азаматтық болмысы жайында ел естімеген естеліктер айтылды. Әсіресе, абыз ақсақалдың ақ батасын алған азаматтар кеңінен көсілді.

 ҰЛЫҚБЕК ЕСДӘУЛЕТ - «ТҮРКСОЙ» ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ, АҚЫН

 Орда бұзар 30 жасында ұлы жол арқалаған Ә.Нұрпейісов ұлы жазушы болмасқа лажы жоқ еді. Әбең қаншама жас қаламгердің бағын ашқаны ақиқат. Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов т.б. таланттардың тұсауын кескені бізге мәлім.

САЙЛАУБАЙ ЖҰБАТЫРҰЛЫ - ЭКОЛОГ-ЖАЗУШЫ Аралдың жағасына келіп, Әбеңнің әлде де зерттелетін, әлде де пайымдалатын қазынасын арман қарай тереңдетейік деген ойлар айтылды. Өйткені, жақсының жақсылығы, ғасырларға кететін мәселе.

Жазушының туған топырағына табан тіреген қаламгер қауым Арал қаласындағы іргелі істердің куәсі болды. Балықшылар мұражайын аралап, теңізді өлкенің өткеніне көз жүгіртті. Одан соң ақын Шаһизада Әбдікәрімов ұйытқы болған Парасатты поээзия кешінде жыр сүйер жұртпен жолықты. Ұлықбек Есдәулет, Светқали Нұржан, Бауыржан Жақып, Қуаныш Жиенбай, Толыбай Абылаев сынды бүгінгі қазақ әдебиетінің майталмандары отты өлеңдерін ойлы оқырманға тарту етті.

Әбең - сирек жазатын суреткер. «Курляндия» мен «Соңғы парыз» романы және «Қан мен Тер» трилогиясы тұтас дәуірдің жүгін арқалап келе жатыр. Жазушының ғасыр тойында театрландырылған көрініс алғаш рет аудан өнерпаздарымен сахналанды.

Бұл туынды қиыл кезеңнің тіршілік келбетін мейлінше толыққанды бейнелейді. Сондықтан да трилогия оқырманның жүрегінен жол тапқан. Әсерлі, кеште аудан халқы Әбеңнің әлеміне тағы бір бойлап, мол рухани азық алып қайтты.