Арал-Сырдария бассейндік инспекциясына үш дана қызметтік автокөлік табысталды. Сондай-ақ әкімшілік ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы нығайтылды, штат саны артты. Айта кетейік, былтыр елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, су шаруашылығы саласына айтарлықтай өзгерістер енгізілген болатын. Бұл жұмыстардың нәтижесі міне, осы.

 Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының ғимараты жиырма жылдан бері жөндеу көрмеген. Биыл міне, жылжабар тұста министрліктен 21,8 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Барлық кабинеттер жаңартылып, компьютермен жабдықталды. Су шаруашылығы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Гүлмира Имашева инспекция қызметкерлерінің жұмысын жоғары бағалап, мекемеге үш қызметтік автокөлік табыс етті.

 ГҮЛМИРА ИМАШЕВА, СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ

Осы Арал-Сырдария Арал-Сырдария бассейндік инспекциядан үмітіміз зор. Су келіп, Аралға да су жетсін, елге де су жетсін деп министрлік осындай сенім білдіріп жатыр. Қазіргі таңда штаттық кесте ұлғайды. Жаңа су кодексін жазып жатырмыз.

Жаңадан әзірлеген су кодексінде тіршілік нәрін үнемдеп әрі тиімді пайлануға айрықша басымдық беріліп отыр. Себебі, елімізде жыл өткен сайын су қорының азайып бара жатқаны белгілі. Сондай-ақ инспекцияға қосымша құзіреттіліктер жүктеліп отыр. Яғни, мамандар өзендер мен көлдердің айналасына заңсыз құрылыс нысандарының салынуын қадағалайды.

ҚАЙРАТБЕК СӘРСЕНБАЕВ, АРАЛ-СЫРДАРИЯ БАССЕЙНДІК ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Бұл апаттардың алдын алуға үлкен рөлі бар мәселе. Осы жөнінде де үлкен жұмыстар күтіп тұр. Ұзақ жылдар бойы заңсыз құрылыстар салынған фактілер бар. Инспекцияға Қызылорда, Түркістан облысы, Шымкент аймағы қарайды. Осы аумақта 121 өзен бар. Ең ірісі Сырдария өзені арқылы Қызылорда облысында 3,7 млрд су бөлеміз. Арал теңізіне жыл сайын 2-3 млрд су бөлінеді. Міне, осы жұмыстардың бәрін үйлестіру инспекцияға жүктелген.

Биыл Арал теңізіне 2,5 млрд текше метр су жіберілді. Сонымен қатар Ақшатау, Қамыстыбас көлдер жүйесі де суландырылды. Бұл тіршілігі теңізбен біте қайнасқан ағайын үшін үлкен қуаныш. Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы егін шаруашылығымен қатар теңіз мәселесі де үнемі назарда екенін айтады.