Бүгінде өңірдегі тұрақтандыру қорында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары жеткілікті. Ал, арнайы белгіленген сауда сөрелерінде арзан бағада сатылуы тиіс қажетті өнімдер халыққа жеткілікті ме? Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев пен қадағалаушы орган өкілдері қаладағы бірқатар сауда нысандарын аралап, базар бағамына бақылау жүргізді.
Жалпы, қазір облыс орталығында 37 әлеуметтік дүкен бар. Сондай-ақ, әкімдіктің бастамасымен үлкен супермаркеттерде арнайы әлеуметтік бұрыш ашылған. Онда 19 түрлі азық-түлік тауарлары нарық бағасынан 15 пайызға арзан сатылуы тиіс. Тексеріс барысында жауапты сала өкілдері осы талаптың қаншалықты орындалып жатқанына бақылау жасады. Бір айта кетерлігі, ірі сауда нысандарының көбінде әлеуметтік бұрыш жасақталғанымен, арзан екенін айғақтайтын арнайы тақтайша орнатылмаған.
Бүгінде облыс орталығындағы тұрақтандыру қорында 4 млн тоннаға жуық өнімі сақтаулы. Әлеуметтік маңызы бар тауаралар кәсіпкерлерге айналым схемасы арқылы беріледі. Сала мамандарының айтуынша, қазір ешқандай өнімде тапшылық жоқ.
Бақылаушы топ өкілдері мұнан соң қаладағы «Сұлтан» және «Сыбаға» базарларының жұмысымен танысты. Басты талап қауіпсіздікті қаперден шығармау. Сондай-ақ, өңірдегі осындай барлық сауда нүктелерін заман талабына сай жабық ғимаратқа көшіру көзделіп отыр. Үкімет тапсырмасына сәйкес, кәсіп иелері бұл жұмыстарды келер жылдың соңына дейін үйлестіруі тиіс.
Өңірдегі кәсіп нысандарына тексеріс жұмыстары жыл соңына дейін жүргізіледі. Ал талапты ескермегендерге заң аясында шара көрілмек.