#qyzylordatv

Бүгін Қызылордада мемлекеттік рәміздер күніне арналған жалпыұлттық патриоттық акция өтті. Рәміздер алаңынан басталған шаралар легі авто және велошеруге ұласып, тұлпар тізгіндеген шабандоздар көк байрағымызды көкке көтерді.

 Салтанатты іс-шара «Алаштың асқақ арманы» қойылымымен басталды. Театр актерлері мен облыстық филармонияның аралас хоры және «Ай-ару» би ансамблінің мүшелері сахналық қойылымның сәтті әрі мазмұнды шығуына үлес қосты. Мерекелік іс-шараға облыстық мәслихат төрағасы, облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының басшылары, мен зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктер мүшелері мен қала тұрғындары қатысты.

 Жиында сөз алған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тәуелсіз еліміздің өркендеу тарихындағы мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын атап өтті.

 Бұл күн "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы" Конституциялық заңда мемлекеттік мереке ретінде ресми түрде бекітілген. 4 маусым елімізде 2007 жылдан бері тойланып келеді. Көк байрақ – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңба - азаттықтың айшықты көрінісі болса, Әнұран – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің үш символы халыққа ерекше рух береді. Осыны ұғындырған іс-шарада патриоттық әндер асқақтады.

 Мұнан соң 10 автокөлік, 40-қа жуық кәсіби спортшы мен әуесқой велошабандоздар бастаған шеру Рәміздер алаңынан Сырдарияның сол жағалауы арқылы «Болашақ» университетінің маңында қорытындыланды.

Ал орталық атшабарды айнала көк байрағымызды көкке көтерген шабандоздар шеруі патриоттық акцияның маңызын арттырды. Осылайша ту көтеріп, тұтас елдің рухын айбынын асырған бабалар дәстүрі жаңа үлгіде жаңғыра түсті.