#qyzylordatv

Бүгін – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Табиғатты аялау, экожүйені сақтау – адамзаттың ортақ міндеті. Осыған орай Арал ауданында бірқатар экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, табиғат жанашырлары белсенділік танытты.

 Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының бастамасымен ауданда экологиялық шеру, тазалық жұмыстары, сондай-ақ табиғатты қорғау тақырыбында сурет және шығарма байқаулары өтті. Балалардың салған суреттері мен жазған шығармалары олардың қоршаған ортаға деген жанашырлығын айқын көрсетті. Шара аясында республикалық деңгейде өткен «Парктер шеруі – 2025» акциясына белсене қатысқан оқушылар арнайы марапаттарға ие болды.

 АЛМА ЕСЕНОВА - “БАРСАКЕЛМЕС МЕМЛЕКЕТТІК ТАБИҒИ ҚОРЫҒЫ” РММ БАС ИНЖЕНЕРІ

Экологиялық шерулеріміз, плоггинг форматындағы оқушылармен жұмыстарымыз өтті. Таза табиғат қоршаған ортаны сақтау бойынша эссе және фото конкурстарымыз өткізілуде. Бұл қоршаған орта күнінің негізгі маңызы – барлық тұрғындардың назарын экологиялық мәселелерге аударту. Осы арқылы табиғатты қорғау ісіне қалың жұртшылықты шақыру.

 Арал теңізінің құрғаған ұлтанын қайта қалпына келтіру күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін 1,1 миллион гектар алқапта орман мелиорациялық жұмыстар атқару міндеті қойылған болатын. Нәтижесінде соңғы төрт жылда 475 мың гектар жерге сексеуіл тұқымы себілді. Сонымен қатар, жылына 3 миллион көшет өсіретін орман тәлімбағы іске қосылды. Биыл көктемде 120 мың гектарға тұқым себіліп, 11 830 гектар жерге сексеуіл көшеті отырғызылды. Жобаның басты мақсаты – экожүйені қалпына келтіріп, Арал өңірі тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту.